Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

5 жасар баланы сүндеттеу кезінде жыныс мүшесінің үштен бір бөлігін кесіп тастаған қазақстандық дәрігерге үкім шықты

Фото: freepik.com

Павлодарда 5 жасар балаға сүндеттеу операциясын сәтсіз жасаған дәрігерге үкім шықты. Қылмыстық іс Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қылмыстық іс медицина қызметкерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамауы фактісі бойынша қаралды. Тергеу барысында хирург сүндеттеу операциясы кезінде баланың денсаулығына ауыр зиян келтіргені анықталды. Алайда дәрігер өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады. 

Прокурор 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал жәбірленуші тарап ең қатаң жаза қолдануды талап етті.

Аталған бап бойынша санкция 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.



Сот істі қарау барысында жаза ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын, ал жеңілдететін жайттар ретінде: дәрігердің үш кәмелетке толмаған баласының бар екенін, оның алғаш рет қылмыстық жауапкершілікке тартылып отырғанын және медициналық көмек көрсеткенін ескерді.

Осыған байланысты сот айыпталушыға 1 жылға бостандықты шектеу жазасын тағайындап, пробациялық бақылау орнатты. Сондай-ақ бірқатар міндеттер мен мәжбүрлі еңбекке тарту шарасын белгіледі. Сондай-ақ хирургке бір жыл өз мамандығы бойынша медициналық қызмет көрсетуге тыйым салынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Павлодарда 5 жасар бала сүндеттелгеннен кейін ауруханаға түсіп қалғаны туралы жазған едік. Баланың анасының айтуынша, олар баланы 23 тамызда сүндеттеу үшін облыстық ауруханаға әкелген. Бірақ, қалыпты саналатын процедура жоспар бойынша өтпеген, дәрігер баланың жыныс мүшесінің үштен бір бөлігін кесіп алып тастаған, зәр шығару каналы зақымдалған.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 23 Мамыр, 2025 11:58
Талқылау