Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар тұрғыны астаналықтарға жоқ жиһаздарды сатып, табыс таппақ болған

Астанада жоқ жиһаздарды сатып, алаяқтық жасады деген күдікпен Павлодар қаласының тұрғынын ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: pinterest

Полиция мәліметінше, павлодарлық тұрғын сатып алушыларға аздаған аванстық төлем  аударуды ұсынған.

"Павлодар қаласының тұрғыны жоқ жиһаз сатумен айналысатын "бизнес" ұйымдастырған. 30 жастағы әйел интернетте қымбат емес тұрмыстық заттар сататыны туралы хабарландырулар жариялаған. Ол мобильді банкинг арқылы шағын алдын ала төлемді – 5 мыңнан 30 мың теңгеге дейін аударғысы келетіндерге ұсынған. Қазіргі уақытта полицияға алаяқтыққа ұшыраған 10-ға жуық азамат хабарласып, күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалды", – делінген хабарламада.

Полицейлер азаматтарды қырағы болуға, сақтық танытып, жеке және банктік деректерін, SMS хабарламаларының мазмұнын ешкімге бермеуге шақырды. 

"Күмәнді сатушылардан тауарлар мен қызметтерді сатып алмаңыз. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде екі факторлы аутентификацияны қолданыңыз. Сіздің жеке жинақтарыңыз бен жеке деректеріңіздің қауіпсіздігі сіздің қолыңызда екенін есте сақтаңыз", – делінген хабарламада. 

Интернеттегі алаяқтық фактілерінің көбеюіне байланысты елордада "Алаяқтықты тоқтату" операциясы жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, қалада жыл басынан бері 4 мыңға жуық интернет алаяқтық фактісі тіркелген.

Талқылау