Павлодар облысының әкімдігі телеарналарға ақпарат жариялауға арналған ақыны 16 есе көп төлеген
Павлодар облысы әкімдігі бұқаралық ақпарат құралдарында ақпарат жариялау үшін миллиондаған бюджеттік теңгені артық төлеген. Прокуратура кінәлі шенеуніктердің жазаланғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру жөніндегі қызметтердің базалық бағаларын бекіткен еді. Мәселен, газетке материалды орналастыру құны шаршы метрі үшін 400 теңге. Ал интернет-ресурстарда бір символ үшін 38 теңге, теледидарда минутына 39 мың 500 теңгеден есептелген.
"Облыстың ақпарат және әлеуметтік даму басқармасы бұл қызметтерді негізсіз көтерме бағамен сатып алған. Мысалы, газеттерге орналастыру құны 3,5 есеге (бағасы 1447 теңге), интернет-ресурстарда 7 есеге (270 теңге), теледидарда 16 есеге (633 мың 862 теңге) қымбаттатқан", - делінген хабарламада.
Прокуратура іске араласқан соң жергілікті БАҚ қызметтерінің бағасы қайта қаралды. Осылайша бюджетте 180 миллион теңге үнемделді. Кінәлі шенеуніктер қатаң тәртіптік жазаға тартылды.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік сатып алулар порталын жүргізуге шамадан тыс қаржы жұмсалатыны айтылған еді. Өткен жылы портал жұмысына төрт жарым миллиард теңге кеткен.