Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында ер адамның мас күйде мектепке басып кірмек болған сәті видеоға түсіп қалды

Павлодар облысындағы Екібастұзда 27 жастағы жігіт мектепке басып кірмек болып, оқушылар мен олардың ата-аналарын шошытты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Liter.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: poleznyi_ekibastuzets

Мәліметтерге сенсек, келеңсіз жағдай 18 қазан күні күндіз болған. Жас жігіт өз көйлегін басына киіп алып, №26 мектепке кіруге тырысқан. Мектеп қызметкерлері оны кіргізбей қойды. Содан кейін ол жерге отырып алып, жатпақ болған.

Екібастұз білім бөлімі басшысы Лаура Дисюпованың сөзінше, жігіт аталған мектепке жақын орналасқан ауданда тұрады.

"Ол мектепке келіп, ішке кірмек болды. Бірақ күзет қызметі дұрыс әрекет етті. Барлық жерде камералар бар. Өзім де қарап шықтым. Күзетші мен вахтер жедел әрекет ету түймесін басып, екі минутта "Күзет" компаниясының қызметкерлері келді. Оларды күтіп тұрған уақытта күзетші ер адамды ұстап тұрды. Үш минутта полиция да келіп жетті. Алгоритм бойынша бәрі дұрыс жасалды. Ер адам бірден ауруханаға жеткізіліп, арнайы медицина мекемесіне орналастырылды. Себебі оның ақыл-есі сау болмаған. Бұл жағдайға психиатрлар араласты", – деп түсіндірді Лаура Дисюпова.

Полицияның мәліметінше, ұсталған адам – 27 жастағы Екібастұз тұрғыны, оқиға кезінде ол мас күйде болған.

"Ұсталған кезде ер адамның қатты мас күйде екенін байқаған полиция қызметкерлері жедел жәрдем шақырды. Оны тексеріп болған соң, ауруханаға жатқызды", – деді Павлодар облыстық полиция департаменті. 

Сонымен қатар жігіттің әрекеттерінен ешкім зардап шекпегені анықталды. Оған қандай да бір жаза қолдану туралы шешім әлі қабылданған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Теміртауда балабақшаға мас күйінде келген тәрбиеші қызметінен босатылғанын жаздық. 30 қыркүйекте "Айгөлек" балабақшасында тәрбиеші жұмысқа мас күйінде келіп, балаларға агрессия көрсеткен. Кейін тәрбиешінің жұмысқа мас келгені туралы ақпарат полицейлерге анонимді түрде хабарланған. Ата-аналардың біреуі полицияға қоңырау шалған болуы мүмкін. 

Талқылау