Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында ер адам Ертісте суға батып бара жатқан үш баланы құтқарды

Павлодар облысының тұрғыны Андрей Карандашов Ертіс өзенінде суға батып бара жатқан бір отбасының үш баласын құтқарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

Балаларды Приреченск ауылының тұрғыны 33 жастағы Андрей Карандашов құтқарды. Ер адам 13 шілдеде демалыс болған соң түскі астан кейін өзенге балық аулауға барғанын айтты.

“Олжа болмаған соң, қармағымды жинап, үйге қайтуға жиналып жатып, он метрдей қашықтықтан су бетіндегі екі адамды көрдім. Кейін айқайладым, бірақ олар жауап қатпай үнсіз болды. Сол кезде олардың суға тұншыққандарын білдім де, киімімді шешіп суға секірдім. Бірден батып бара жатқан екі баланы көріп жақындай бергенде су түбіне қарай кетіп бара жатқан тағы үшіншісін көзім шалды. Қолыма түскен екеуін қатарынан ұстап алып жағаға алып шықтым да, су түбіне батып бара жатқан баланы құтқаруға сүңгіп кеттім. Оны да алып шығып көмек көрсете бастадым”, – деді Карандашов.

Айтуынша, бірінші құтқарылған екі бала тез естерін жиып, өздеріне келген. Ал үшіншісі мүлдем тыныстамаған.



“Мен сол кезде әр секундтың маңызды екенін ұқтым. Бар ойым баланы аман алып қалу болды. Мен оған алғашқы көмекті көрсеткен болатынмын. Нәтиже болмаған соң етпетінен жатқызып, арқасынан қақтым. Содан кейін тез жедел жәрдем шақырайын деп жатқанымда тұншыққан бала есін жиып, жұтқан суын шығара бастады”, – деп қосты ол.

Балалар аурухана жеткізіліп, тексеріс жүргізілген. Қазір олардың жағдайы жақсы. Дәрігерлердің айтуынша, балалар сауатты құтқару әрекетінің арқасында аман қалған.

Андрейдің өзі мұндай жағдайды 13 жасында бастан кешіргенін айтады. Ол балық аулап жүріп, 8 жасар баланы құтқарамын деп өзі де суға бата жаздаған. Алайда ақырында ол баланы да, өзін де аман алып қалған.

“Менің әкем – ауғандық. Ол бізге спортқа жақын болуды, жүзуді, алғашқы көмек көрсетуді үйретті. Осылардың барлығын білгендіктен шығар қиын жағдайды көргенде қорықпай, қобалжымай іске кірістім. Өзім суға батамын-ау деген үрей болмады, бар ойым балаларды аман алып қалу болды. Өзімнің де алты және төрт жастағы екі ұлым бар”, – деп қосты ол. 

Белгілі болғандай, құтқарылған балалардың екеуі – жеті жасар егіздер. Ал олардың ағасы тоғыз жаста. Олар көп балалы отбасынан шыққан. Ұлдардың ата-аналарының айтуынша, ағайындылар ешқашан өзенге ересектерсіз барған емес. Бұл жолы балалар жасы үлкен достарына ілескен. Ағаларының бірі суға түсіп жүріп, құлаған да, оны ағын алып кете бастаған. Ал егіздер оған көмектесуге тырысқан.

 

Талқылау