Павлодар облысында 6 жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап кеткен: Ата-анасына айыппұл салынды
Фото: Павлодар облыстық полиция департаменті
Павлодар обылысында жергілікті тұрғындар темір құбырлардан жасаған футбол қақпасы 6 жастағы баланың үстіне құлап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 31 шілде күні Павлодар ауданына қарасты Жертұмсық ауылында болған. Полицияның мәліметінше, қолдан жасалған темір қақпа дұрыс бекітілмеген. Балалар ойнап жүрген алаңды ауыл тұрғындары өздері қолдан жасап алған көрінеді.
"Аталған алаң мен қақпа ешбір ресми балансқа тіркелмеген. Оқиғаға себеп болған жағдайларды жою туралы, оның ішінде қауіпсіздік талаптарына сай келетін футбол алаңын ұйымдастыру жөнінде аудан әкіміне нұсқама жолданды", – делінген Павлодар облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Белгілі болғандай, оқиғаға байланысты зардап шеккен баланың ата-анасы айыппұл арқалады.
"Кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін футбол ойыны кезінде жарақат алған баланың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген полиция хабарламасында.
"Кінәлілер жазаланған жоқ": Астанадағы ойын орталығында баланың қолы сынып, ауыр жарақат алды
Дәрігерлер зардап шеккен балаға жабық бас ми жарақаты, мидың шайқалуы және жақ жарақаттары диагнозын қойды. Қазір бала Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Аудан әкімдігі Жертұмсық ауылында футбол алаңының жоқ екенін растады. Жергілікті тұрғындар балалар үшін заманауи футбол алаңын салуды бірнеше рет сұрағандарын айтады. Ауылдағы балалар автокөлік дөңгелектерімен қоршалған шағын бос алаңда ойнап келген, ал қақпалар темір құбырдан жасалған екен.
Аудан әкімі тұрғындар жылдар бойы сұрап келген футбол алаңы 2026 жылы салынатынын айтады.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада алты жасар қыздың үстіне футбол қақпасы құлап кетіп, бүлдіршіннің жансақтау бөліміне түскені туралы жазған едік.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
