Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда бұрынғы әйелін өлтірмек болған ер адам 8 жылға сотталды

Фото: depositphotos.com

Павлодар тұрғыны әйелін өлтіруге оқталғаны үшін 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Irbistv телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға 2025 жылдың қаңтар айында болған. 32 жастағы ер адам жол талғамайтын көлікпен бұрынғы жұбайын қабырғаға соғып жіберген. Салдарынан әйелдің аяғын кесіп тастауға тура келді. 

6 қаңтар күні түсірілген бейнебақылау камерасындағы кадрлардан әйелдің қашуға тырысқаны, дәл сол сәтте оны жол талғамайтын көліктің қағып кеткені анық көрінеді. Бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал көліктің ішінде басталған. Олар бес жыл бірге өмір сүрген, ортақ балалары бар.

Сотта Павлодар тұрғыны әйелін өлтіру ниеті болмағанын айтып, оны тек қорқытқысы келгенін алға тартты. Алайда газ педалінде ақау пайда болған. 


Ер адам сыныптастарымен 20 жылдық кездесуге барған әйелін атып өлтірген

"17-қабаттан лақтырамын": Ақтауда әйелін өлтірмек болған ер адам он тәулікке ғана қамалды


"Қорғау тарапы сотты көліктің техникалық ақауы болғанына, яғни газ педалі тұрып қалғанына сендірмек болды. Алайда бұл уәждерді сарапшы теріске шығарды. Қылмыстық қудалау органдары тағайындаған сарапшы сотта көліктің толықтай жарамды екенін растады. Газ немесе тежегіш педальдерінде ешқандай ақау анықталмады", – деді судья Құдабай Сұлтанов.

Сот барлық дәлелдерді зерттеп, айыпталушының ниеті айқын болған деген қорытындыға келді. Көлік ақаулы болған жағдайда да жүргізуші оны басқа жаққа бұрып, апаттың алдын ала алар еді.

Сот үкімімен ер адамға “кісі өлтіруге оқталу” бабы бойынша 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленушіге материалдық шығын ретінде 1 миллион теңге және моральдық зиян үшін тағы 15 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында ер адам әйелін шаш бояғаны үшін соққыға жығып, сүйегін сындырғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 19 Маусым, 2025 19:39
Талқылау