Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павел Дуров өзінен бала туғысы келетін әйелдерге ЭКО рәсімін төлеуге уәде берді

Павел Дуров өзінен бала туғысы келетін әйелдерге Эко төлеп бермекФото: Albert Gea / Reuters

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров өзінен бала туғысы келетін әйелдерге экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) рәсімінің ақысын төлеуге уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Wall Street Journal-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Кәсіпкер бұл бағдарламаны Мәскеудегі клиникалардың бірі арқылы жүзеге асырмақ. Болашақ аналарға белгілі бір талаптар қойылған, олардың жасы 37 аспауға тиіс. Сонымен қатар клиниканың бұрынғы дәрігерінің айтуынша, әйелдер тұрмыста болмауы керек.

Дуровтың өкілі кәсіпкердің клиника қызметіне “қаржылық, басқарушылық немесе операциялық тұрғыда еш қатысы жоқ” екенін мәлімдеді. Медициналық мекеменің өзі бастапқыда WSJ сұрақтарына жауап беруге уәде еткен, алайда кейін Telegram негізін қалаушының талабы бойынша сұхбат беруден бас тартқан.

Бұған дейін Дуров өзінің барлық балалары, оның ішінде донорлық шәуеті арқылы дүниеге келгендері де, мұрагерлікке бірдей құқыққа ие болатынын айтқан еді.

“Олардың бәрі – менің балаларым және барлығы бірдей құқыққа ие болады”, – деді ол.

Айта кетейік, былтыр шілдеде Telegram басшысы өзін 100-ден астам баланың биологиялық әкесі екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, бұрын ол шәует доноры болған, ал оның биологиялық материалы әлі күнге дейін клиникалардың бірінде сақтаулы. Сондай-ақ Дуров мұндай донорлық идеясын кеңінен насихаттағысы келетінін, бала сүюге тырысқан отбасылардың мүмкіндігі артқанын қалайтынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін “ВКонтакте” әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Алматы облысындағы Көлсай көліне шомылғанын көрсеткен видео жариялағанын жазғанбыз. Алайда керісінше ұлттық парк қызметкерлерінің үстінен қызметтік тергеу басталған.

Артынша әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк Павел Дуровқа Көлсай көлдерінде шомылуына қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаған.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 25 Желтоқсан, 2025 02:24