Павел Дуров Нобель сыйлығына ұсынылды
Ресейдегі Еуразия халықаралық университетінің ректоры Константин Клименко ВКонтакте мен Telegram желілерінің негізін қалаушы Павел Дуровты Нобель сыйлығына ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: © Flickr
Клименко бұл идеясын өзінің Telegram-каналында жазды.
"Мен Павел Дуровты жаңа цифрлық технологиялар дәуірінің көшбасшысы деп санаймын. Сондықтан Павел Дуровқа Нобель сыйлығын беру туралы ресми ұсыныс жолдадым ", – деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, бұл идеяны Азия мен Африка елдерінің бірқатар университеттері мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері де қолдап үлгерген.
"Сонымен қатар Дубай БРИКС инвестициялық форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы ретінде мен Павелді осы форумның құрметті қонағы және спикері болуға шақырдым... Егер Франция билігі Дуровты түрмеден босатпаса, ол Дубай БРИКС форумына қашықтан қатыса алады", – деп қосты университет ректоры.
Еске салсақ, бұған дейін Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың Францияда ұсталғаны туралы жазған едік. Дуровқа Telegram-дағы контентті модерациялаудан бас тартқаны үшін терроризм, есірткі саудасы, ақшаны жылыстату сияқты ауыр қылмыстарға қатысы бар деген айып тағылған. 26 тамыз күні Франция соты Дуровты қамауға алу мерзімін ұзартты.