"Патриоттық сезімін ояту үшін": Алматы іргесіндегі ауылдың әкімдігі жергілікті үйлерге ҚР туын фотошоп арқылы салып қойған
Алматы облысы Талғар ауданының әкімдігі Панфилов ауылдық округіндегі көпқабатты үйлердің біріне ұлттық тудың суреттерін қолдан салып қойған жазба жөнінде түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мұндай суреттер жергілікті әкімдіктің Instagram парақшасында пайда болған, алайда көп ұзамай оны өшіріп тастағанына қарамастан, Қазнет қолданушыларының арасында таралып үлгерген.
Көпшіліктің шуын тудырған сурет "Терезедегі ту" республикалық акциясы кезінде түсірілген. Акция халықтың патриоттық сезімін көтеруге бағытталған.
Фотосуреттердің қатысуымен болған келеңсіз жағдай аудан әкімдігін де таң қалдырған, олар орын алған оқиғаны "ауылдық әкімдік маманының жіберген қателігі" деп бағалаған.
"Ауыл әкімдігінің бөлім маманы бес қабатты үйде тұратын бес отбасының біріншіден бесінші қабатқа дейін балкондарына мемлекеттік туды ілу үшін алдын ала рұқсат сұраған. Тұрғындар қуана келіскен. Бірақ, өкінішке орай белгіленген уақытта бір отбасы ғана үйінде болып шыққан, қалғандары кейін белгілі болғандай, бірі Алматыға, енді бірі отбасымен демалыс өткізу үшін қала сыртына шығып кеткен. Нәтижесінде маман тек бір туды ғана ілген. Алайда жарияламас алдын, пәтер иелерінің рұқсаты болғандықтан, қалған тулардың суретін салып қоюды шешкен", - делінген мәлімдемеде.
- Алматыда Тәуелсіздік күніне орай мерекелік отшашу ұйымдастырылмақ
- "Орман ішімен үш шақырым жаяу жүреміз": Ақтөбе облысында жол мәселесінен шаршаған тұрғындар әкімдікке шағымданды
Әкімдіктің ойынша, қызметкер суретті сол күні-ақ өшіріп тастаған, бірақ жазылушылардың бірі оны түсіріп алып, блогерлерге таратып жіберген.
Аудан әкімдігінде атап өткендей, маманның әрекетінде заңға қайшы келетін ешнәрсе болмаған, сонымен қатар мемлекеттік рәміздерге нұқсан келтіруді де ойламаған. Ол өз қателігін мойындап, жазбаны өшірген.
"Еліміздің азаматтарын ұлттық мереке - Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бізге қолдау білдіріп, әлеуметтік желілердегі парақшаларында мемлекеттік рәміздермен түскен суреттерді көбірек жариялауды сұраймыз", - деп түйіндеді аудан әкімдігі.