"Пәтерлердің бағасы тым жоғары": Тоқаев Алматы жастары үшін үй мәселесін шешуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы жұртшылығымен кездесуде сөйлеген сөзінде қала жастары үшін ең өзекті – баспана мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Президент сөзінде қалада пәтерлердің бағасы тым жоғары екенін атап өткен.
"Әрине, еңбек жолын енді ғана бастаған жастар бірден пәтер сатып ала алмайтыны түсінікті. Бірақ, солай екен деп еш қарекетсіз қол қусырып отыруға болмайды. Жастардың баспана алуына жан-жақты жағдай жасау керек. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы әкімдікке жалға берілетін тұрғын-үй салу үшін инвесторларға тартымды болатын тиімді тәсілдер ойластыруды тапсырды. Алайда ол жалдамалы үйлер тым қымбатқа түспеуі қажет екенін баса айтты.
- "Пәтерақыны 600 мыңға көтеріп, бір күнде шығуымызды талап етті": Қазақстандықтар жалдап тұрып жүрген үйлерінен жаппай қуылып жатыр
- "Төрт балам аш қалмасын деп ұрлыққа бардым": Семейде жалғызбасты көпбалалы әкеге пәтер берілді
"Ондай пәтерлер, ең алдымен, қолжетімді болуға тиіс. Жалпы, Алматы жастары үшін баспаналы болу қол жетпес арман болмауы керек. Басында баспанасы бар жастардың ертеңгі күнге деген сенімі артады.
Қалада тұрғын-үй тапшылығын азайту – аса маңызды міндет. Келесі жылдан бастап тұрғын-үй құрылысын жыл сайын 10 пайызға арттыру қажет. Әрине, Алматыда бос жер аз. Бұл жағдай құрылыстың қарқынын күшейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Сол себепті, жаңа жерлерді игеру керек. Қалада 1500-ге жуық ескі үй бар. Шағын аудандарда тұрған мұндай үйлерге күрделі жөндеу жүргізген жөн. Ал, жаңғыртуға келмейтіндерін сүріп тастау қажет", - деді Тоқаев.
Президент әкімдікке осы шаруаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ ол жаңғырту жұмыстарының тұрғындарға қолайсыздық тудырмау қажет екенін еске салды.