Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пәтерді қалай заңды негізде жалға беруге болады – Қазақстандық сарапшы түсіндірді

Фото: pixabay.com

Пәтерді жеке кәсіпкерлік ашпай-ақ жалға беруге болады. Салық сарапшысы өзін-өзі жұмыспен қамту режимі арқылы тұрғын үйді заңды түрде қалай жалға беруге болатынын, табыс шегі мен төлем талаптарын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Krisha.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Екі пәтерді жалға берсем, өзін-өзі жұмыспен қамтыған бола аламын ба?

Маңыздысы, нысан саны емес, табыс көлемі. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін ай сайынғы табыс шегі 300 АЕК немесе 1,3 миллион теңге болып белгіленген. Егер табыс осы мөлшерден аспаса, жеке кәсіпкерлікті ашпай-ақ осы режимде жұмыс істеуге болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар табысының 4%-ын төлейді. Бұл классикалық салық емес, әлеуметтік төлемдер:

  • міндетті зейнетақы жарнасы – 1%;
  • жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы (ЖМЗЖ) – 1%;
  • әлеуметтік аударым – 1%;
  • міндетті медициналық сақтандыру жарнасы – 1%.

Яғни азамат бұл төлемдерді өзіне өзі жұмыс беруші ретінде аударады.

Арнайы есепшот ашу керек пе?

Егер жалдау ақысы тек қолма-қол төленсе, арнайы есепшот қажет емес. Чекті E-Salyq Business қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады. Ал төлем банк картасына аударым арқылы түссе, арнайы есепшот ашу міндетті. Мұндай есепшотты банкте тез әрі оңай ашуға болады.

Пәтермен бірге паркингті жалға берсем ше?

Өзін-өзі жұмыспен қамту режимі тек тұрғын үйді жалға беруге арналған. Құжат бойынша тұрғын емес нысандарға бұл режим қолданылмайды. Оларға:

  • паркинг;
  • гараж;
  • қойма;
  • коммерциялық орынжайлар (дүкен, дәріхана, сұлулық салоны және т.б.) жатады.

Ресми жұмысым болса, өзін-өзі жұмыспен қамтыған бола аламын ба?

Иә, болады. Осы мәртебені алу үшін негізгі талап белсенді жеке кәсіпкерліктің (ЖК) болмауы. Егер жеке кәсіпкерлік тіркелсе, (тіпті қызметі уақытша тоқтатылған жағдайда да), алдымен оны жабу қажет. Ал жалдамалы қызметкер болу, компанияның құрылтайшысы атану немесе мемлекеттік қызметте жұмыс істеу өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелуге кедергі келтірмейді.

Пәтерді зейнеткер жалға берсе, 4% төлеуі керек пе?

Зейнеткерлер әлеуметтік төлемдерден босатылады, өйткені олар үшін төлемдерді мемлекет жүргізеді. Сондықтан олар айына 1,3 миллион теңге шегінен аспайтын табыс тапса, 4% төлемей-ақ тұрғын үйін жалға бере алады.



Еске салайық, бұған дейін пәтерді жасырын жалға берген қазақстандықтар 60 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайтынын жазған едік. Мемлекеттік кірістер комитеті Big Data жүйесі арқылы жалға берілетін пәтерлерді және жасырын табысты анықтауды күшейтті. Азаматтар табысына қарай 3%, 4% немесе 10% мөлшерінде салық төлеуі тиіс, ал талапты орындамағандарға 10–15 АЕК айыппұл салынады.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 10:39