Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай жаңа салмаққа ауысады

БоксФото:ҚБФ

80 келіде ел намысын қорғап жүрген Нұрбек Оралбай және бірқатар боксшылар алдағы уақытта жаңа салмаққа ауысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі мәлімдеді.

Бұл жайлы бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов біраз салмақтарда өзгеріс болатынын айтты.

“60 келіде Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Париж Олимпиадасының чемпионы Абдумалик Халоковқа лайықты қарсылас болған Бибарыс Жексен бар. Ал 85 келіге Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай ауысады. 90 келіде Сағындық Тоғамбай көшбасшы болып қала береді. Дәулет Төлемісовтің де 90 келіге көтерілуі мүмкін. +90 келіде жас боксшымыз Аслан Елдібайұлына зор үміт артамыз. Өкінішке қарай, ол Қазақстан чемпионатында қолын сындырып алып, Өзбекстандағы оқу-жаттығу жиынына қатыса алмады. Енді оны 2026 жылы АҚШ-та өтетін оқу-жаттығу жиынына қосамыз”, –  деді бапкер Қанат Байұзақовқа берген сұхбатында.

Айта кетейік, Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізген. Оның бұл жүлдесі бокстан Париж Олимпиадасында ел қоржынына түскен жалғыз жүлде еді. Алайда ол биыл Қазақстан чемпионатына қатысқан жоқ. Бастапқыда бұл жарыстан Ливерпульдегі әлем чемпионатында топ жарған боксшылар ғана босатылады делінген еді. Бірақ 80 келі салмақтың көшбасшысы Нұрбек Оралбай чемпионатта бой көрсетпеді. Кейін спортшы белінен жарақат алып, жарыстан тыс қалғаны белгілі болды.

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 17 Желтоқсан, 2025 17:37