Параспортшы заңды сыйақысы үшін министрлікпен соттасып жеңіп шықты
Фото: Nikola Stojadinovic / Getty Images
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты туризм және спорт министрлігінің өскемендік параспортшыға әлем чемпионаттарындағы жүлделі орындары үшін ақшалай сыйақы төлеуден бас тартуын заңсыз деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әңгіме 2022 және 2023 жылдары Түркияның Анталия және Алматы қалаларында өткен пара-армрестлингтен әлем чемпионаттарында күміс және қола медаль жеңіп алған Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны туралы болады. Ол жарыстарға мемлекет атынан, Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының спорт клубы өкілі ретінде қатысқан. Барлық іссапар шығындары бюджет есебінен төленген.
Алайда спортшы елге жүлдемен оралған соң, спорт министрлігі оған сыйақы төлеуден бас тартқан. Министрлік бұл шешімін құжаттарды тапсыру мерзімі сақталмағанымен және жарыстарға қатысқан елдер саны 20-дан аз болғанымен түсіндірді. Бұл талап жаңа нормативтік акт негізінде қойылған.
Сот бұл нормативтік талап 2022 жылғы чемпионат кезінде әлі күшіне енбегенін және оны кері күнмен қолдануға болмайтынын анықтады. Сонымен қатар сот Паралимпиадалық ойындар бағдарламасына кірмейтін спорт түрлері үшін сыйақы төлеуге тыйым салынбағанын да атап өтті.
Сот шешімінде министрліктің бас тартуы Конституция нормаларын, БҰҰ-ның Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары туралы конвенциясын, кемсітушілікке жол бермеу және формализммен теріс пайдаланбау қағидаттарын бұзатыны көрсетілген. Ведомствоның әрекеті азаматтардың мемлекетке деген сенімін қорғау қағидатын бұзу ретінде бағаланды.
Сот спортшының талап-арызын толық көлемде қанағаттандырды. Министрлікке спортшы жеңіске жеткен кездегі қолданыста болған мөлшерде сыйақы төлеу туралы заңда белгіленген мерзім ішінде шешім қабылдау міндеттелді.
Алматы әкімдігі даудан кейін Олимпиада жүлдегерлеріне уәде етілген пәтер кілтін табыс етті
Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы Парижде өткен жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарынан кейін спортшыларға берілетін мемлекет сыйақыларына байланысты дау туындаған еді. Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, спортшылар мен жаттықтырушыларға уәде етілген төлемдердің кешігуі сынға ұшырады. Осы жағдайдан кейін туризм және спорт министрлігі үкімет қаулысына сәйкес сыйақыларды толық көлемде төлеуді жүзеге асырды. Олимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына Үкімет резервінен қаржы бөлініп, жалпы саны 49 спортшы мен 63 жаттықтырушыға сыйақы берілді.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
