Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пара беріп, делдал болған": Шымкентте шенеунік пен екі мектептің директоры 5 жылға сотталды

Фото: Stan.kz / ЖИ көмегімен жасалған

Шымкентте білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензия алу үшін 2 миллион теңге көлемінде пара алу дерегі бойынша шенеунік пен екі мектеп директоры сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазір айыпталушылар орындығында үш адам отыр. Олар – білім беру сапасын қамтамасыз ету басқармасының лицензиялау бөлімінің бұрынғы басшысы және екі жекеменшік мектептің басшысы. Біреуі ірі көлемде пара алу, ал қалған екеуі пара беру және делдалдық жасау баптары бойынша айыпталды.

"Жекеменшік мектеп директоры білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыруға лицензия мен оған қосымшаны алу мақсатында Шымкент қаласы бойынша Білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің лицензиялау бөлімі басшысына делдал арқылы 2 миллион теңге көлемінде пара берген", – деп хабарлады Шымкент қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сот барлық үш айыпталушыны кінәлі деп таныды. Шенеунік 5 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте және мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Пара берген мектеп директорына 53 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал делдал 20 миллион теңге айыппұл төлейтін болды. Екеуі де мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.


Алматыда аты аңызға айналған гимназиядан дау шықты: Басшылық қаражатты ысырап етті және заңсыз жұмыстан шығарды деп айыпталды


Алматыда шенеунік мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қаржыны жымқырмақ болған


Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында аудандық білім бөлімінің басшысы және 7 бухгалтер сотталғанын жаздық. Сотталушылар білім беру саласында нақты еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға жалақы аудару арқылы 686 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 18 Маусым, 2025 16:25
Талқылау