Пара алды деп айыпталған Есік қаласының әкіміне қатысты сот үкімі шықты
Шенеунік кінәсін толық мойындады. Ол пара алғаны үшін 100 миллион теңге айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Іс материалдарына сәйкес, Есік ауданының әкімі Асхат Аңсатбаев жауапкершілігі шектеулі серіктестікпен балалардың ойын алаңдарын абаттандыру үшін 32 миллион теңгеге келісім-шарт жасасқан. Мердігер жұмысты жүргізу үшін 10 ойын алаңын салуға келісім-шартқа отырған Р есімді досын шақырады. Есік қаласының әкімі 2023 жылдың тамыз айында салынып жатқан балалар алаңына барып, жұмыс сапасына қатысты ескертулер жасап, оларды жоюды талап еткен. Сот үкімінде Р әкіммен достық қарым-қатынас орнату мақсатында оның туған күніне 234 мың теңге тұратын қымбат сөмке сыйлаған.
Сөйтіп шенеунік жұмыс актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін Р-дан 2 миллион теңге көлемінде пара және қосымша жұмыс үшін үстемақы беруді ұсынады. 2023 жылдың 6 қазанында Р көрсетілген соманы өзінің орынбасары арқылы Аңсатбаевқа аударған.
Сот отырысында екі айыпталушы да өз кінәсін мойындады. Экс-әкім өз ісіне өкінетінін айтып, өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады. 7 ақпанда сот Асхат Аңсатбаевты қылмыстық кодекстің 366-бабы (Пара алу) бойынша кінәлі деп танып, оған параның 50 еселенген сомасында – 100 миллион теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ шенеунікке өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Р қылмыстық кодекстің 367-бабы (Пара беру) бойынша кінәлі деп танылып, параның 13 еселенген мөлшерінде, яғни 60 миллион теңге айыппұл арқалады. Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.