Пәкістандағы мешітте жұма намазы кезінде жарылыс болып, 30-дан аса адам қаза тапты

Пәкістандағы мешітте жұма намазы кезінде жарылыс болып, 30-дан астам адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Пәкістан астанасы Исламабадтағы шиит мешітінде жұма намазы кезінде жарылыс болып, 31 адам қаза тауып, тағы 169 адам жарақат алды. Полицияның мәліметінше, жарылғыш құрылғыны мешітке алып келген лаңкес мешіт кіреберісінде тоқтатылғаннан кейін өзін жарып жіберген.
Жарылыс орнына жедел түрде полиция мен құтқару қызметтері жіберілген. Исламабадтағы барлық ірі ауруханаларда төтенше жағдай режимі енгізілді. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шеккендердің көпшілігінің жағдайы өте ауыр, осыған байланысты қаза тапқандар саны артуы мүмкін.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видеолар таралуда. Видео мен суреттерде мешіт кіреберісінде жатқан қаза тапқандардың мәйіттері, сондай-ақ ғимарат маңындағы елеулі қираулар мен шашылған қирандылар көрінеді.
Әзірге теракт үшін жауапкершілікті ешбір ұйым өз мойнына алған жоқ. Алайда полиция бұған дейін елдегі шиит қауымына бірнеше рет шабуыл жасаған пәкістандық тәліптер “Техрик-и-Талибан Пәкістан” немесе "Ислам мемлекеті" тобының қатысы болуы мүмкін екенін атап өтті.
Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф бұл террорлық актіні айыптайтынын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабадтағы лаңкестік актінің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Пәкістан президенті Асиф Али Зардари мен премьер-министрі Шахбаз Шарифке көңіл айтты.
“Қазақстан президенті қастандық әрекетті қатаң айыптады. Сонымен қатар құрбан болған азаматтар мен жарақат алған адамдардың туған-туыстарын сабырға шақырып, Пәкістан халқының қайғысына ортақ екенін жеткізді”, – делінген Ақорда хабарламасында.
Еске салсақ, осыдан бірнеше күн бұрын Тоқаев Пәкістанға мемлекеттік сапармен барған еді.