Пәкістанда нөсер жауын мен су тасқыны салдарынан 300-ден астам адам қаза тапты
Фото: REUTERS/Stringer/File Photo
Пәкістанның солтүстік-батысында екі күн бойы жауған нөсер мен су тасқыны салдарынан 300-ден аса адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Билік өкілдерінің мәліметінше, құтқару мен жолдарды тазарту жұмыстары әлі де жалғасып, резервтік қордан қаржы бөлініп жатыр. Қатты жауын-шашын 21 тамызға дейін жалғасады екен.
Reuters агенттігі муссон кезеңін ең апатты маусым деп атады. Пәкістанда кенеттен болған сел, найзағай, көшкін мен ғимараттардың құлауы көптеген адамның өмірін қиды. Хайбер-Пахтунхва провинциясының төтенше жағдайлар басқармасы 16 тамыз таңға дейін 307 адамның қаза тапқанын растады. Ал таулы және төбелі аймақтарда жоғалып кеткендер бар.
Қатты жауын-шашын Пәкістанға ғана емес, көршілес Үндістан мен Непалға да әсер еткен.
Билік өкілдерінің айтуынша, ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі Исламабадтан шамамен үш жарым сағаттық жолда орналасқан Бунер округі. Мұнда 184 адам қаза тауып, инфрақұрылымға, егістіктер мен жеміс бақтарына шығын келген.
Бунердің кейбір аудандарында әйелдер мен балалар қалып қойған. Бұл өңірде 93 адамның мәйіті табылған. Ал Шангла ауданында нөсер жауын салдарынан ғимараттың шатыры құлап, 34 адам қаза тапты. Провинцияның бас хатшысы Шахаб Али Шахтыың айтуынша, жергілікті шенеуніктер зардап шеккен аудандарға жіберіліп, құтқару операцияларын үйлестіріп, залалды бағалаумен айналысып жатыр.
Су тасқынынан зардап шеккендер үшін медициналық пункттер ашылып, баспанасыз қалған отбасыларға ыстық тамақ беріліп жатыр. Сондай-ақ жолдарды тазарту және қалпына келтіру үшін ауыр техника жіберіледі.
Сыртқы істер министрі Исхақ Дардың мәлімдеуінше, құтқару және гуманитарлық операцияларға азаматтық және әскери бөлімшелер қатысып жатыр. Ал премьер-министр шұғыл жиынды өзі басқарып жатыр.
"Жақындарынан айырылған, зардап шеккен және үйлері мен күнкөріс көздерінен айырылған отбасыларға шын жүректен көңіл айтамыз", – деп жазды Дар әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде.

"Киіктерді өз өмірінің құнымен қорғаған батыр": Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің қаруланған броконьерлерді қуамын деп қалай қаза тапты
