Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пәкістанда ауа ластануынан түтін торлап, салдарынан 1,8 миллион адам жаппай зардап шекті

Пәкістанның шығысындағы Пенджаб провинциясында кейінгі айда ауаның ластану деңгейі қатты нашарлап, салдарынан 1,8 миллион адам ауырып қалды. Балалардың денсаулығын сақтау үшін провинциядағы мектептерді бес күнге жабуға бұйрық берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Absnews.go.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Bilawal Arbab

127 миллион халқы бар Пенджаб өткен айдан бері түтінмен күресіп жатыр.

"Кейінгі 30 күнде 1,8 миллионнан астам адам Пенджабтың түтіннен зардап шегіп, ауруханалар мен жеке клиникаларға барды. Көбінің түтіннен тыныс алу аурулары асқынып, көздері күйіп қалды", – деді денсаулық сақтау департаментінің өкілі Ахсан Риаз.

Шенеуніктер алғашында түтін қатты әсер еткен 18 мектепті жапты. Бір аптадан соң провинциядағы барлық оқу орны жабылды.

Қазаннан бері улы түтін Пәкістанның мәдени астанасы Лахорды және Пенджабтың басқа 17 ауданның аспанын жауып тастады. Өткен аптада барлық саябақтар мен мұражайлар 10 күнге мәжбүрлі түрде жабылды.

Билік тұрғындарды көшеге көп шықпауға шақырды, өйткені түтін толқыны тыныс алу жолдары аурулары мен көз инфекцияларын тудырады.

Бұған дейін БҰҰ-ның балалар агенттігі Пәкістанның Пенджаб провинциясындағы 11 миллион баланың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, ауаның ластануы салдарынан қауіп төніп тұрғанын ескертті.  

Пенджаб қоршаған ортаны қорғау департаментінің мәліметі бойынша, провинциядағы Мултан қаласы – ауа сапасының индексі шамамен 700-ке тең ең лас қала. Индекс 300-ден асса, ол денсаулыққа қауіпті болып саналады.

Билік маска тағуды міндетті деп бұйырды, бірақ бұл талап еленбеді. Үкімет ластанумен күресу үшін жасанды жауын-шашын әдістерін зерттеп жатқанын айтты.

Талқылау