Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзіне қол жұмсаған етіп көрсету үшін, асып тастамақ болған": Алматы облысында кісі қолынан қаза болған капитанның әкесі өз шындығын айтты

марқұм болған әскери адам Дархан ДәулетФото: Видеодан скрин / Qazaq AIRAN YouTube арнасы

Былтыр 14 қарашада Жетісу облысы, Жаркент қаласында орналасқан №74261 әскери бөлімінің инженерлік қызмет бастығы, капитан Дархан Дәулет кісі қолынан қаза тапты. Арада бір жылға жуық уақыт өткен соң марқұмның әкесі Нұрлан Мақаев ұлының әскери саладағы заңсыздықтарға қарсы тұрғаны үшін мерт болғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaq AIRAN YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

26 жасында көз жұмған Дархан Дәулет Құрлық әскерлерінің әскери институтын үздік бітіріп, Қордай ауданы, Отар ауылында бес жыл қызмет етті. Келісімшарт мерзімі аяқталған соң ауылға оралып, шаруашылықпен айналысуды жоспарлағанымен, әскери саладағы былық-шылықты жиі айтып жүреді екен.

Әкесі Нұрлан Мақаевтың сөзінше, әскери бөлімдерде жанар-жағармай мен техникалық сұйықтықтардың жетіспеуі офицерлердің мойнына жүктеліп, шығынды жалақыларынан өндіріп келген. Ұлы бұған қарсы болған. Жаркентке ауысқаннан кейін де ол заңсыз құжаттарға қол қоюдан бас тартып, әртүрлі заңбұзушылықтарды әшкерелеген.

"Ұлым қызметке келгеніне екі-ақ ай болған. Жанар-жағармай мен әскери жабдықтарға қатысты құжаттарға қол қоймаған. Сол үшін жанжал шыққан. Бір топ адам жабылып, ұрып-соғып, қол-аяғын байлап, қараусыз жерге тастап кеткен. Сарбаздар бәрін терезеден көргенімен, ешкім араша түспеген. Кейін оқиғаны "өз-өзіне қол жұмсаған" етіп көрсетпек болған", – дейді марқұмның әкесі.

Оның айтуынша, сот процесінде көптеген әскери қызметшілер шындықты айтпай, бір ауыздан "ештеңе көрмедік, естімедік" деп жауап берген. Тек бірнеше сарбаз ғана шынайы куәлік берген.

"Тек 3 сарбаз адамша жауап берді. Оларға оқиға туралы тіс жармауға бұйрық берілген. Қарауыл да көрмей қалыпты, күзет мұнарасынан да байқамай қалыпты-мыс. Батальон сержантын да, лейтенантты да қамаған жоқ, бәрі жұмыста талтаңдап жүр. Төртеуі сотталды, жазамен келімпеймін. Үшеуі ұрып-соғып, шашынан тартып тұрып фотоға түсірген. Суретті майор сұратқан. Бізге оны көрсетпей қойды. Ұлымды қарашаның суығында қорлап, далаға тастап, өздері түк болмағандай кола мен дөнерге тапсырып беріп, жеп отырған. Түнгі сағат 23.30-да істеген, кейін сағат түнгі бірдің кезінде тексеріп келгенде, ұлдың өлгенін білген. Содан кейін өзіне қол жұмсаған етіп көрсету үшін, асып тастамақ болған. Бірақ жедел-жәрдем келіп қалып, үлгірмей қалған. Майор солай адамды қинауға тарсыпма беріп отырады екен. Тәртіп болса, осылай болар ма еді?" – деді әкесі.

Қылмыстық іс бойынша 1988 жылы туған майор Дархан Қазтай және 19-20 жастағы сарбаздар – Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шакир сотталды. Үкімге сәйкес Қазтай 15 жылға бас бостандығынан айырылып, офицерлік шенінен айырылды. Бақберген Рустамұлы мен Аят Шакир 12 жылға, Нұрман Әбсадық 10 жылға сотталды.

Алайда марқұмның әкесі бұл жазаны тым жеңіл деп санайды.

"Кемінде 20 жылға бас бостандығынан айыру керек еді", – дейді ол.

Дархан Дәулет Арыс пен Тараздағы жарылыстардың салдарын жоюға да қатысқан. Капитан шенін алғаннан кейін Жаркент гарнизонында қызмет ете бастағанымен, екі ай өтпей қапыда қаза тапты.


Мемлекет әскери қызметкерлерді тұрғын үй төлемдерінен айырмақ: Әскерилердің әйелдері желіде наразылық білдірді


Енді елде әскерге шақырылушылардың суицидке бейімділігі тексеріледі


Еске салайық, бұған дейін Жаркенттегі әскери бөлімшеден капитанның мәйіті табылғаны туралы жазған едік. Мұрқұмның туыстары оны үш сарбаз майордың тапсырмасымен соққыға жығып өлтіргенін алға тартты. Қорғаныс министрлігі мұндай нұсқаны жоққа шығарды. Кейін сол іске қатысты 4 адамның қамауға алынғаны айтылды. 

STAN.KZ
Сенбі, 13 Қыркүйек, 2025 11:16
Талқылау