"Өзіне қол салғандар да бар": Қазақстандық Mary Kay компаниясынан несиеге 15 миллион теңгеге зат алып, қарызынан құтыла алмай жүр
Желіде қазақстандық қыз Mary Kay компаниясынан 15 миллион теңгеге зат алып, қарызға батқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ол TikTok желісінде Mary Kay арқылы өмірін жақсартамын деп, 15 миллион несие алып, оны жаба алмай жүргенін айтты.
"Осылай жүріп жасаған еңбегім-ай! 1 жылымды арнадым ғой. Қайтадан нөлден бастауға тура келеді. Ешқашан ұмытпайтын сабақ болды. Олар бұл жерге әйел саналы түрде өзі келіп, компания тауарын өзі алады деп айтып, манипуляция жасайды. Кей әйелдер тіпті күйеуімен ажырасып, қарызға кіріп кетіп, өз-өзіне қол салғандар да бар. Компанияға тартатын адамдар қой терісін жамылған қасқыр секілді", – дейді қыз.
@altynai_champion #CapCut #marykayстоп ♬ оригинальный звук - Amatuni Arsen
Қазақстандық қыздың бұл мәлімдемесін желі қолданушылары қолдап, кейбірі кезінде осы компанияға алданып, қарызға батқанын жазды.
"Қыздар желілік маркетингке мүлде сенбеңіздер. Мен де ақымақ болдым. Көтерілемін деп Faberlic, Ersag компанияларына кірдім. 800 мың теңге салдым. Жеткен жетістігім де жоқ", "Желілік маркетингтің пайдасы жоқ. Оның пайдасын ең бірінші, 15-20 жыл бұрын бастағандар көріп жатыр. Соңғы 4—5 жылда қосылғандар банкрот жүйеге кіреді", "Мен де 500 мың несие алғанмын, зорға жаптым. Енді банк ақша бермей жатыр. Жоламаңдар қыздар. Директор боласың деп алдайды", "Менің де өмірімді осы Mary Kay құртқан. Ажырасқан соң аяққа тұрамын деп, бүкіл ақшамды салдым. Тауар өтпей, алған адамдар ақшасын бермей қатты қиналдым сол кезде. Қарызым 3 миллион теңге еді. Кішкентай қызымды тастап, Кореяға барып жұмыс істеп, қарыздан құтылдым. Енді естісем жүрегім ауырады. Қыздар Mary Kay жарнамасы жалған", – деп жазды олар.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қаржы мониторингі агенттігі мен Қаржы министрлігіне Mary Kay компаниясының жұмысы қаншалықты заңды, жұмысы қалай реттеледі, салық төлеп жатыр ма, деген сауалдармен жүгінді.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, агенттіктің іс-жүргізуінде Mary Kay компаниясына қатысты істер жоқ.
“Қаржы мониторингі органдары жоғарыда аталған компанияға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізген жоқ”, –делінген хабарламада.
Ал Қаржы министрлігінің мәліметінше, Mary Kay компаниясы өз уақытында салық нысандарына декларация тапсырады және салық төлейді.