"Шахтер" клубында ойыншылардың жартысы легионерлер: Қарағанды облысының әкімі команданың сәтсіздігіне қатысты пікір білдірді
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде “Шахтер” клубының болашағы туралы айтып, алда клубтың жекенің қолына өтетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Облыс әкімі “Шахтер” клубында Қазақстан азаматтары ойнауы керек екенін атап өтті.
“Клубқа қатысты қолдау менің тарапымнан болды. Бұған қатысты әңгіме болмайтын шығар. Берекшектер де болды, демеушілер арқылы қарыздарын да жаптық. Менің ойымша, клубта өзіміздің футболшылар, жергілікті азаматтар ойнауы керек. Сараптау кезінде клубта өзіміздің жастардың аз екені анықталды. Осы туралы жиын өтті. Сол кезде мамандармен Қарағанды, Теміртау, Балқаш және т.б. қалаларда балаларға арналған клуб-академия бөлімдерін ашамыз. Келесі кезекте бапкерлерді де үйретеміз. Үшіншіден, бізге стадион керек. Алдағы уақытта екі стадион салынады. Кіші стадионның жобалық сараптамасын күтіп отырмыз. Одан кейін 10-15 мың адамды қабылдайтын үлкен стадион салынады. Қазір біздің стадионның салынғанына 60 жылдан асып кетті, тозды деуге болады”, – дейді ол.
Әкім аталған жұмыстар істелген соң аймақтан талантты футболшылар шығады дейді. Сондай-ақ алдағы уақытта “Шахтер” клубын жекенің қолына беру мәселесін де айтып өтті.
“Легионерлерге келсек, олар бізді көтеруі керек. Біздің футболшылармен бір деңгейде ойнап жүрген легионердің керегі қанша? Клубты жекенің қолына беру мәселесі әлі талай қаралады. Сенімгерлік басқаруға да берілген еді бұған дейін. Енді бизнес ретінде қарастырылып жатыр”, – деп қосты ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев “Шахтер” клубын “легионерлерлі қолдау қорына айналып кетті” деп айтқан еді. Оның сөзінше, клубтағы 25 ойыншының 12-сі легионер екен.
2024 жылғы маусымда “Шахтер” командасы Қазақстан чемпионатында 14 команданың ішінде 13-орында тұр.