"Жалақысы 40 мың теңге": Төрт баласы бар пошташыға әкімдікте сауда жасауға рұқсат бергені үшін жазаланған әкім мән-жайды түсіндірді
Ботагөз Сабирова. Фото: gov.kz
Солтүстік Қазақстан облысында көпбалалы пошташы әйелге әкімдік ғимаратында шұлық сатуға рұқсат берген ауылдық округ әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әкім Ботагөз Сабирова мән-жайды айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жергілікті прокуратураның мәліметінше, пошташы әйел балалар киімдерін, шұлықтарын және іш киімдерін дәл Бостандық ауылы әкімдігінің ғимаратында сатқан. Бұған қоса әкімдік ғимаратында кітапхана, учаскелік полиция қызметкерінің, мал дәрігері мен пошташының кабинеттері орналасқан. Әкімшілік ғимаратта сауда жасау заң бұзушылық деп танылды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша әдеп жөніндегі кеңес хатшылығы отырысының қорытындысы бойынша әкімге ескерту берілді. Ал әкімдікте сауда жасаған көпбалалы ана әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 58 980 теңге айыппұл арқалаған.
"Менің білуімше, "Қазпоштада" пошташының жалақы мөлшерлемесі 0,25 болды, яғни айына 40 мың теңге. Мұндай ақшаға өмір сүру өте қиын. Оның төрт баласы бар, оларды тамақтандыру оңай емес. Өзім де жалғызбасты анамын, үш бала тәрбиелеп отырмын. Оның жағдайын жақсы түсінемін. Пошташының күйеуі механизатор болып жұмыс істейді. Қазір ол 49 жаста", – деді Ақжар ауданы Кішіқарой ауылдық округі әкімі Ботагөз Сабирова.
Ол екі ауылда 750 адам тұратынын айтып өтті.
"Барлығын танимын. Әкім болып жұмыс істегеніме алты ай ғана болды. Пошташы енді ғимаратта сауда жасамайды, біз оған көмектесудің заңды жолдарын қарастырамыз. Менің жұмысым – адамдарға қамқорлық жасау, олардың мәселелерін білу", – деді ол.
Ботагөз Сабированың өзі үш бала тәрбиелеп отыр: бір ұл, екі қызы бар. Олардың барлығы Бостандық ауылындағы жергілікті мектепте оқиды. Күйеуінен 8 жыл бұрын ажырасып кеткен.
Еске салсақ, бұған дейін СҚО-да ауылдық округтің әкімі пошташы болып жұмыс істейтін көпбалалы әйелге әкімдік ғимаратында ішкиім мен шұлық сатуға рұқсат бергені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.

"Күйеуім бала көтертпеу үшін вазэктомия жасатты": Екі баласымен корей азаматына күйеуге шыққан әйелдің өмірі қалай өзгерді
