Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзім де үш жылдан бері әділетті шешім күтіп жүрмін": Жұлдыз Әбдікәрімова Талғар ісіне қатысты пікір білдірді

Танымал актриса, киножұлдыз Жұлдыз Әбдікәрімова кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты ойын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: https://www.instagram.com/zhuldyzabdukarimovaofficial/

Өнер иесі өзінің де үш жылдан бері әділдік үшін күресіп келе жатқанын тілге тиек етті. 

“Өзім де құқық қорғау өкілдерінен әділдік іздеп, шырылдап жүргеніме біраз болды. Полиция департаментінен бастап, аудандық, қалалық соттардың табалдырығын тоздырып келемін. Алаяққа алданғаныма 3 жыл болса да, үн қатпай, жария жасамай келгенімде бір себеп болса – ол құзырлы органдарға деген сенім еді. Алайда бір түсінгенім, шындық пен сұмдық айдан анық болып тұрса да, дәлелің қап-қап болса да, әділ шешім оңай шыға қоймайды екен”, – деп жазды актриса. 



Сондай-ақ қара жамылған отбасыға көңіл білдіріп, сабырлы болуға шақырды. 

“Ел Шерзат деп шырылдап, шындық сұрағалы үш ай болды. Бәрі де қалай басталып еді?! Шерзаттың отбасына орнайтын әділдікті президент өз бақылауына алатынына, менің Жоғарғы сотқа берген шағымымды ҚР Бас прокуроры өз назарында ұстайтынына сенім білдіргім келеді. Мен Шерзаттың ата-анасына тағы да қайғыра көңіл айтамын. Өздеріңізбен бірге екенімді жеткізгім келеді”, – деді киножұлдыз. 

Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған еді. Жасөсіпірімнің өлімінен кейін Шерзат Полаттың үйін белгісіз біреулер өртеп кетті. 9 желтоқсан күні Талғардың шетінен Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі табылды. Осы жайттан соң 10 желтоқсанда Шерзаттың ашынған әкесі журналистердің келуін талап етіп, қолына пышақ ұстап өзіне қол жұмсайтынын айтқаны үшін ұсталған еді. Қаржаубай Нұрымов “Бұзақылық” бабы бойынша сотталып, 15 тәулікке қамауға алынды.

 

Талқылау