Өзбекстандық әйелдің басы шабылған мәйіті табылған: Түркияда мыңдаған әйел наразылыққа шықты

Түркияда қоқыс жәшігінен өзбекстандық әйелдің басы шабылған мәйіті табылғаннан кейін жаппай наразылық акциялары өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиғаның мән-жайы
Түркияның Sabah басылымының мәліметінше, қылмыс туралы 24 қаңтар күні кешкі уақытта белгілі болған. Сағат 19:40 шамасында Дуатепе ауданында қайталама шикізат жинаумен айналысатын О.Ч. есімді ер адам Куюлубаг көшесіндегі қоқыс контейнерінен бір түйіншекке көзі түскен.
“Ішінде ескі киімдер бар деп ойладым. Көтермек болдым, бірақ көтере алмадым. Пакетті төменгі жағынан жыртып қарасам, қан көрінді. Қатты шошыдым, қолым дірілдеп кетті. Жылы екенін сезіп, бұл қоқыс емес екенін түсіндім де, полицияға жүгірдім”, – деді ол кейінірек бөлімшеде.
Ер адам табылған зат туралы полицияға хабарлап, құқық қорғау органдарымен бірге оқиға орнына қайта оралған. Криминалистер контейнердің ішінен басы жоқ әйелдің денесін тапқан. Кейін көршілес көшелерді тексеру барысында басқа бір қоқыс жәшігінен дененің қалған бөліктері салынған шамадан табылды.
Қаза тапқан әйел туралы не белгілі?
Түркиялық БАҚ марқұмның жеке басы саусақ іздері арқылы анықталғанын хабарлады. Ол – 37 жастағы (кей деректерде 36 жастағы) Өзбекстан азаматы Дурдона Хакимова. Ол аңшылық және спорттық жабдықтар сататын дүкенде жұмыс істеген.
Кейін бұл ақпаратты Өзбекстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығы ресми түрде растады.
“Түркияның құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар барысында қаза тапқан адамның жеке басы анықталды. Марқұм – Өзбекстан Республикасының азаматы Дурдона Хакимова”, – делінген рсеми мәлімдемеде.
Консулдық қаза тапқан әйелдің отбасымен байланыста екенін және қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.
Тергеу барысы
Дипломатиялық өкілдік мәліметінше, Өзбекстанның екі азаматы Түркиядан Грузияға ұшпақ болған кезде ұсталған.
Түркияның Hürriyet басылымы тергеу барысының егжей-тегжейін жариялады. Полиция нұсқасына сәйкес, қылмыс Үмрание ауданындағы пәтерде жасалған. Негізгі күдікті – Д.Т. – марқұммен жақын қарым-қатынаста болғанын мойындаған. Олар шамамен бір жыл бұрын TikTok арқылы танысқан. Үш ай бұрын Д. Түркияға келген, ал қайғылы оқиғаға 10 күн қалғанда қылмыс болған пәтерді жалға алған.
Оның айтуынша, екеуінің арасында жанжал туындап, сол кезде ол әйелге арқасынан төрт рет пышақ сұққан.
Тергеу деректеріне сәйкес, Д. мәйіттен құтылу үшін 28 жастағы танысы Г.К.-ны көмекке шақырған. Екеуі бірге денені бөлшектеп, бөліктерін пакеттер мен шамаданға салып, такси шақырып, Шишли ауданына барған. Сол жерде дене бөліктерін әртүрлі қоқыс контейнерлеріне тастаған.
Іске үшінші тұлға – такси жүргізушісі де тартылған. Полиция оның жүктің ішінде не бар екенін білген-білмегенін анықтап жатыр.
Қоғамдық резонанс
Дурдона Хакимованың жантүршігерлік өлімі Ыстамбұл мен Анкарада наразылық акцияларына ұласты. Türkiye Today басылымы демонстрациялар Шишли ауданында және Түркия астанасында өткенін жазды.
Ыстамбұлда наразылыққа шыққан әйелдер “Османбей” метро станциясынан марқұмның денесі табылған көшеге дейін шеру жасаған. Олар “Мигрант әйелдер жалғыз емес” және “Әйелдердің өмірі маңызды” деген жазуы бар плакаттар көтерген.
Сондай-ақ 26 қаңтарда Ыстамбұл адвокаттар алқасының Әйелдер құқығы орталығы ресми мәлімдеме жасады. Құқық қорғаушылар бұл трагедияны мигрант әйелдерді қорғаудағы жүйелі олқылықтардың салдары деп бағалады.
Қоғамдық ұйымдар Дурдона Хакимова ісі бойынша сот процесінің барысын бақылап, кінәлілерге барынша қатаң жаза тағайындалуын талап ететіндерін мәлімдеді.
Бүгінде тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілер қамауда отыр. Полиция бейнебақылау камераларының жазбаларын, куәгерлердің көрсетілімдерін және іске қатысы бар барлық тұлғаның әрекеттерін тексеріп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та украиналық босқын қыздың өлімі елді дүр сілкіндіргені туралы жазған едік. 23 жастағы украиналық Ирина Заруцкая метрода отырған кезде оған артынан ер адам шабуыл жасап, бірнеше рет пышақ сұққан. Қыз оқиға орнында қаза тапты. АҚШ халқы судьяларды айыптап, 14 рет қылмыс жасаған ер адамның не себепті қайта-қайта бостандыққа шыға бергеніне таңғалды. Трамп бұл мәселеге пікір білдіріп, сот төрағаларының жауапқа тартылатынын мәлімдеді.