“Өзбек халқын мазақ етті”: “Бригада” сериалындағы рөлімен танымал ресейлік актер Сергей Безруков даудың ортасында қалды
Фото: gorbilet.com
“Бригада” және “Есенин” телехикаяларындағы рөлдерімен танымал ресейлік актер Сергей Безруков Өзбекстанда қоғамдық даудың ортасында қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дауға актердің жуырда баспасөз мәслихатында айтқан әңгімесі себеп болған. Видео әлеуметтік желіде тарап сынға ұшырады. Сын айтушылар актердің әрекетін “шовинизм" деп бағаласа, ал актерді қолдаушылар керісінше, жанжал қолдан жасалып отыр деп есептейді.
Видеода Сергей Безруков Ташкенттегі зиратқа түнде жасаған сапарын баяндап береді. Ол Ташкентте жерленген белгілі орыс ақыны Сергей Есениннің қызы Татьяна Есенинаның зиратына көрермендер сыйлаған гүл шоғын алып барған. Алайда ашық тұрған қақпа таппаған соң, күзетшіден сұраған. Безруковтың айтуынша, күзетші оны "Бригада" сериалындағы рөлі арқылы танып, тек "Белый" деген бір-ақ сөз айтқан. Осы оқиғаны еске алған актер күзетшінің акцентін салып көрмек болған. Дәл осы жайт әлеуметтік желілерде сынға ұшырады.
Желідегі талқылауға журналистика университетінің ректоры Шерзодхон Құдратходжидің жазбасы түрткі болды.
"Сіз Татьяна Сергеевна Есенинаның қабірінің басында тұрған жоқсыз. Сіз өз қадір-қасиетіңіздің қабірінің қасында тұрдыңыз, бірақ өз көлеңкеңізді қаһарман етуге тым әуес болдықтан, мұны байқамадыңыз. Сіз нақты бір елде тұрып, автоматты түрде сол бір көзқарасты қайта жаңғыртып тұрсыз: жиіркену, таңдану, өзін “жоғары“ етіп көрсетуге тырысу, адамдарға аборигендер немесе үндістер секілді қарап, өзін “ақ адам“ ретінде көрсету", – деп жазды университет ректоры.
Осы жазбадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары, блогерлер, мәдениет қайраткерлері мен журналистердің ондаған пікірлері пайда болды. Көпшілік Сергей Безруковтың әрекетін "өзге" мәдениетке жоғарыдан қарау деп бағалады. Желі қолданушылары посткеңестік кеңістікте акценттерді жиі мазақ ететінін атап өтіп, "дұрыс" мәдениет бар деген түсінікке бәрі бағынуға тиіс деген көзқарасты сынға алды.
"Иә, ол мысқылдады. Өзбек ретінде ренжідім бе? Жоқ. Империялық және шовинистік ойлау қалыптасқан адамдардан басқаша мінез күту қиын", – деп жазды журналист Санжар Эралиев.
Желі қолданушыларының арасында ресейлік актерді қолдап, жағдайды ушықтырудың қажеті жоқ екенін айтқандар да бар.
Желідегі дауға байланысты Сергей Безруковтың өзі видеоүндеу жасап, ешкімді ренжітуге ниеттенбегенін және өзбек халқын мазақ етпегенін атап өтті.
"Менің сөздерімді өзбек тіліне немесе өзбек халқына қарсы мысқыл деп түсінетіндер бар екенін байқадым. Бұл, әрине, арандатушылық. Оның мақсатын түсінемін: халықтар арасында жанжал тудыру үшін жасалған әрекет. Өзбекстанға деген қарым-қатынасымды білесіздер. Мен өзбек мәдениетіне, ас үйіне, қонақжайлығына тәнтімін. Өзбекстанда мені қалай жақсы көретінін білемін және мен де оларды жақсы көремін", – дейді Сергей Безруков.
Сондай-ақ үндеуде Безруков өзбек достары мен әріптестерімен тығыз байланыста екенін еске салып, актер Фархад Махмудовпен бірге сабақ беруді жалғастырып келе жатқанын айтты.
"Саня Белый Өзбекстан мен өзбек халқына қарсы бірдеңе айтты деп ойлайсыз ба?”, – деп әзілдеді Безруков үндеуінің соңында.
Еске салсақ, бұған дейін қазақтар мен қырғыздарға тіл тигізген Екатерина Биволға Ресейде тексеріс басталғаны туралы жазған едік.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады