Өзбек боксшысына алтын медаль берілмейтін болды: IBA әлем чемпионатындағы даулы жекпе-жекке нүкте қойды

2-13 желтоқсан аралығында Дубайда IBA ұйымдастыруымен ерлер арасында әлем чемпионаты өтті. Чемпионатта 60 келіде сынға түскен Олимпиада чемпионы өзбекстандық Абдумалик Халоков ресейлік Всеволод Шумковтың финалдағы жекпе-жегіне қатысты дау туындаған еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Всеволод Шумковтың өзбекстандық Абдумалик Халоковтың құлағын тістеп алған сәт әлеуметтік желіде кеңінен тарап, өзбекстандық жанкүйерлер арасысында талқыға түсті.
Тіпті ұйым басшысы Умар Кремлевтен әділ шешім шығаруды, яғни әлем чемпионатының алтын жүлдеcін Халоковқа қайтарып беруді сұраған. IBA бұл жекпе-жекті жан-жақты тексеріп, аталған әрекеттің кездейсоқ болғанын және айқасқа айтарлықтай ықпал етпегенін айтты.
“Шумковтың аузы Халоковтың құлағына тиді. Бұл әрекет кездейсоқ болды және айқастың барысына айтарлықтай ықпал еткен жоқ”, – делінген IBA хабарламасында.
Сонымен бірге IBA турнир аяқталғанға дейін Өзбекстан құрамасы тарапынан ресми апелляция түспегенін мәлімдеді. Осы себепті жекпе-жектің қорытындысын қайта қарауға немесе жүлделерді қайта бөлуге ережелер бойынша еш негіз жоқ.
Алайда ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында аталған жағдай Бокстағы адалдықты бақылау жөніндегі тәуелсіз органға (BIIU) жолданады. Егер қандай да бір тәртіп бұзушылық анықталса, тиісті шаралар қабылданып, санкция қолданылуы мүмкін.
IBA-ның бас хатшысы әрі бас директоры Крис Робертс OBE бұл мәселеге қатысты түсініктеме берді.
“Жарыстарымыздағы ашықтық – басты басымдық және ол ешқашан күмән тудырмауы тиіс. Біз бұл эпизодты бағалау үшін салалық сарапшыларды тарттық, ал қабылданған байыпты шешім техникалық делегат тарапынан расталды. Нәтижені өзгерту мерзімі өтіп кеткендіктен, техникалық делегат мәселені BIIU-ға жолдап, қажет болған жағдайда, спортшыға айыппұл салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Біз үшін спортшылардың мүддесі қай кезде де жоғары тұрады”, – деді ол
Нәтижесінде Дубайдағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері өзгеріссіз қалды.
Қолданыста жүргеніне 50 жылдан асқан: Астанадан ұшқан қазақстандық ұшақтағы түсқағазды көріп жағасын ұстады (видео)

