Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз-өзіме келе алмай тұрмын": Астанада құрылыс алаңындағы кран жүргізушісі тұрғынның көз алдында биіктен құлап, көз жұмды

Желіде елордада құрылыс нысанында кран жүргізушісінің биіктен құлап кеткені туралы видео тарады. Деректерге сай оқиға тұрғынның көз алдында болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото желі кадрларынан

Видео авторы үйінің терезесінен құрылыс алаңы көрініп тұратынын айтады.

"Таңертең әдеттегідей жақсы көңіл-күймен кофемді ішіп, терезеден салынып жатқан құрылысқа, бұлттарға тамсана қарадым. Құрылыс краны да көрініп тұрды. Сол кезде кенет көз алдымда краншы биіктен құлап кетті. Міне, қазір адамдар жиналып, жедел жәрдем келген. Мұндай қайғылы өлімді көремін деп ойламаппын. Қолым дірілдеп әлі де өз-өзіме келе алмай тұрмын. Жедел-жәрдем алып барады. Тірі шығар деп үміттенемін. Бәрі жақсы болсын", – деді видео авторы.

Астана қаласының полиция департаменті жазатайым оқиғаны растап, жағдайға түсініктеме берді.



"Оператор биікке шығып, мұнара кранынан құлап, алған жарақаттарынан қайтыс болды. Осы факті бойынша "абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп, қажет сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабының негізінде өзге де ақпарат жарияланбайды", – деп хабарлады ведомство.

Талқылау