"Өз командасын әкеліп, қызметкерлерді ауыстырды": Текелі ауруханасының ұжымы жаңа басшыны тексеру үшін тәуелсіз комиссия жіберуді сұрайды
Жетісу облысы Текелі қалалық ауруханасының ұжымы үндеу жариялап, жаңа директорды тексеру үшін тәуелсіз комиссия жіберуді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Аурухана ұжымы тағайындалғанына бір жыл болмаған басшының кейбір мамандарға заңсыз қосымша ақша қосып, миллиондап жалақы бергенін айтады.
Бөлімшелерге қажетті дәрі-дәрмектер мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу мәселесі бойынша медициналық қызметкерлер бірнеше рет сұрау салған. Алайда ақшаны үнемдеуге, қаржыландырудың болмауына байланысты өтініш қабылданбаған. Десе де мекеме қызмкеткерлері ауруханада бір жылға жетер-жетпес уақыт жұмыс істеген бас есепші Әлия Құрманбаева 2 миллион теңге аванс алғанын айтады.
“Үндеуде де айтқанбыз, директор командасын әкеліп, жауапты қызметтегілердің барлығын ауыстырды. Жаңадан келгендерге жағдай жасалып жатыр, ал бізге басқа шарттар ұсынды. Қазір көптеген қызметкерлеріміз жұмыстан кеткісі келеді. Заңбұзушылық өте көп деп күдіктенеміз. Сондықтан бейтарап тексерісті талап етеміз”, – дейді Текелі қалалық ауруханасының медбикесі Наталья Дубровина.
Жаңа басшы кей қызметкерлерге тіпті баспана берген.
Сондай-ақ ұжым қорап-қорап дәрі-дәрмекте де шикілік барын айтады. Сөздерінше, биыл жазда бас медбикенің міндетін уақытша атқарушы қызметкер акт пен хаттама толтырмастан ауруханадан препараттарды алып шыққан көрінеді.
“6 айда өзіміздің бас мейірбикеміз отпускіге кеткен жағдайда подвалдан дәрі изымать етті. Бірақ изымать еткен кезде мен және сол кісі ғана болдық. Ол қайдан шыққан дәрі екенін біз білмейміз және ол қалай сол жаққа түскенінен де түк хабарымыз жоқ”, – дейді Текелі қалалық ауруханасының медбикесі Әйгерім Абдрахова.
Алайда жаңа басшы қоластындағы қызметкерлердің сөздерін жоққа шығарды. Ол бас есепшіге 2 миллион теңге аванс бергенін жасырмайды.
“Келгелі бірнеше өңірден 10-нан астам дәрігерді жұмысқа қабылданды. Шымкент, Павлодар, Қызылордадан мамандар шақырдым. Оларға 5 миллион теңге көлемінде көтерме ақы төленіп жатыр. Өзімнің барлық функционалдық міндеттерімді 100% орындап отырмын. Ешкімнің құқығын бұзған емеспін”, – дейді Текелі қалалық ауруханасының басшысы Аслан Қалибеков.
Дәрігерлердің жанайқайына құлақ түру үшін облыстан арнайы жұмыс тобы құрылды. Олар 10-желтоқсанда тексеріс қорытындысын жариялайды. Ал дәрі-дәрмекке қатысты құзырлы орган тексерісі әлі аяқталған жоқ.