Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз елім жайлы білетінім аз еді": Америкалықтар асырап алған қазақ баласы 20 жылдан кейін елге оралды

Фото: Сюжет кадрларынан скрин

Америкалықтар асырап алған қазақ баласы Алекс 20 жылдан кейін елге оралды. Ол өзінің тегі мен елінің мәдениетін зерттемек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алекс Дворниковский 2001 жылы Жезқазаған қаласында туған. 1 жасында америкалық жұп асырап алып, Пенсильвания штатының Филадельфия қаласына қоныс аударған. Сол жақта білім алып ер жеткен. Дегенмен Алекс бұрыннан туған жеріне деген махаббаты ерекше екенін жеткізді. Айтуынша, ағылшын тілін үйрету туралы ұсыныс түскенде бірден қабыл алған. 

Қазір ол арнайы бағдарламамен Қостанайға келіп, балаларға ағылшын тілін үйретіп жүр. Жігіттің негізгі мақсаты тегін анықтап, туған жерінің тарихын білу. 

“Қазақстан қатты ұнады. Халқының қонақжайлылығы мен жомарттығына тәнтімін. Мен өскен Америкада қазақтар көп болмады. Сондықтан өз елім жайлы білетінім аз еді. Қазір туған жерімді көріп-біліп, танып жатқаныма қуаныштымын”, – деді Алекс Дворниковский. 

Алекстің ағылшын тілін оқыту тәсілі балаларға да ұнайды. Қазір ол түрлі деңгейдегі төрт топқа сабақ береді. Одан бөлек, қазір қазақ тілін үйренгісі келеді. Тағы бір арманы Орталық Азияның мәдениеті мен тарихын ғылыми түрде зерттегісі келеді. 



“Орталық Азия әлі де ғылыми зерттеуді қажет етеді. Өкінішке орай әлі күнге дейін ағылшын тілінде ақпарат табу қиын. Сондықтан болашақта мұны өзгерткім келеді”, – деді ол. 

Оқыту маусымының шарты бойынша, Алекс маусым айында Америкаға қайтуы керек. Бірақ Қазақстанға қайта оралатынын алға тартты. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 16:52