"Өз балаларымды ойлайтын уақыт болған жоқ": Нұр-Сұлтанда 8-қабаттағы баланы құтқарып қалған Сәбит оқиға туралы айтып берді
11 мамыр күні Сәбит Шонтақбаев Нұр-Сұлтан қаласында сегізінші қабатта терезеге асылып тұрған баланы құтқарып қалған еді. Өз өмірін қатерге тіккен ол кейін төтенше жағдайлар министрлігінің арнайы марапатын алған. Кейін ерлігімен ел ішінде танылған Сәбит Шонтақбаев оқиғаның қалай болғаны туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Қазақстан" Ұлттық телеарнасына сілтеме жасап.
Сәбит Шонтақбаевтың сөзінше, әріптесі әрі құдасы Сағи Жылқышиев екеуі сағат 10:00 шамасында көлікпен жұмысқа бармақ болған. Әдеттегі жолмен кері бұрылмақ болғанда аулада екі-үш адамның жиналып тұрғанын көрген.
"Осы кезде жоғары қарап едік, 8-қабатта кішкентай қыздың терезеге асылып тұрғанын көрдік. Ойланбастан Сағи екеуміз 8-қабатқа көтерілдік. Біз келгенше қыздың қанша уақыт солай тұрғаны белгісіз. Ал біз көріп, жоғары көтеріліміз дегенше шамамен 10-15 минут өтті. Сегізінші қабатта үйдің есігін бірнеше жігіт аша алмай жатыр екен. Үйде ата-анасы болмаған болу керек. Ол жағынан ештеңе білмеймін", – дейді Сәбит Шонтақбаев.
Есік жабық болғандықтан, Сәбит әріптесімен бірге 7-қабатқа түсіп, көршісінің есігін қаққан. Ішке кірген соң бірден балкондағы терезеге барыпты. Ойланатын уақыттары болмаған. Тек баланы аман алып қалу керек болды дейді.
"Әрине, қорқыныш болды. Кішкентай баланы ұстай алмасақ, біз кінәлі боламыз. Егер Сәбит шықса, мен кінәлі боламын. Терезеге шыққан соң Сәбиттің аяқ киімін шешіп алдық, себебі тайып кетуі мүмкін еді. Кейін әрі қарай шықты. Барынша ұстап тұруға тырыстық. Аяғын байлайтын жіп іздедік, бірақ табылмады. Баланы ішке кіргізген соң дауысы шықпайды. Қорқып қалған, әрі қарай бір келіншек алып кетті", – деді досы Сағи Жылқышиев.
Сәбиттің айтуынша, баланы құтқару кезінде өз балалары туралы мүлде ойламаған.
"Аяқ асты болды. Қорқыныш сезімі болған жоқ. Өзіме қауіп төнеді деген ой да болмады. Шырылдаған баланың дауысын естігенде бар ойым құтқару болды", – деп қосты Сәбит.
Баланы құтқарып қалған соң ер адамдар демдерін басу үшін көлікте отырған.
"Сәбит дүкенге кіріп кеткен соң, құтқарған адамды іздей бастады. Мен дүкенге кеткенін айттым. Біз өзіміз де осы тұрғын үй кешенінде тұрамыз", – дейді Сағи.
Сәбиттің айтуынша, баланы құтқарған соң анасы қоңырау шалып, алғысын айтқан.
"Осы жағдайдан кейін өзі де науқастанып қалса керек, жедел жәрдем алып кеткен екен. Тек телефон арқылы байланыста болдық", – деп қосты Сәбит Шонтақбаев.
Сәбит Шонтақбаевты ерлігінен кейін Төтенше жағдайлар министрлігі арнайы марапатпен марапаттаған. Кейін қала әкімінің қабылдауында болыпты.
Айта кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтанда ер адам өз өмірін қатерге тіге отырып терезеге асылып тұрған баланы құтқарып қалғаны туралы хабарлаған едік. Оқиға "Камал-2" тұрғын үй кешенінде болған