Өз үйінде пышақтап кетті: 25 жастағы жігітті аяусыз өлтірген күдіктілер әлі де бостандықта жүр
Сәуірдің 13-нен 14-не қараған түні үйінде ұйықтап жатқан 25 жастағы Қарағанды тұрғынын аяусыз пышақтап өлтіріп кеткен күдікті әлі де бостандықта жүр. Және қылмысты бір емес, бірнеше адам қасақана жасауы да мүмкін екен. Ал, өз үйінде ажал құшқан марқұмның туыстары заң жәбір көрген тарапты емес, қылмыскерлерді қорғайды, деп әділдік іздеуде.

Бұл туралы 31 арна-ға сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бауыр еті баласынан айырылған Құрдиша Қасымова жанын қарыған қайғыдан бері 40 күн өтсе де, өзіне келе алмай отыр. Қара жамылған ана арманда кеткен ұлы 25 жастағы Мейрам Ошановты өлтірді деген күдіктінің әлі бостандықта жүргеніне күйінеді.
«Ешкім ештеңе деген жоқ. Бәрі бостандықта жүр. Енді құдайдан әділет болса екен деп сұраймын»,- дейді марқұмның анасы Құрдиша Қасымова.
Қайғыдан қан жұтқан әйелдің «бәрі» дегені бекер емес секілді. Себебі, қаралы отбасының жақындары Мейрамның оң жақ бүйіріне бір емес, бірнеше адамның пышақ сұққанына сенімді. Ол аздай, қылмыс алдын ала жоспарланған деп есептейді. Алайда, полиция қызметкерлері әділдік іздеген марқұмның жақындарының сөзіне құлақ аспайтын көрінеді. Олардың сөзінше, күдікті ретінде танылған азаматты тек екі сағат ұстап, үйіне қайтарып жіберген.
«Бауырым осы жерге келіп жанымен құлаған. Қол-аяқтары тартылып қалған. Айғайлаған, шыңғырған. Асүйдің бәрі қан. Бұл қылмысты бір адам істемегені көрініп тұр. Бауырымды арнайы өлтіру үшін келген»,- дейді марқұмның ағасы Берік Ошанов.
Сол түні жергілікті мейрамханалардың бірінде болған Мейрам Ошанов көп ұзамай жолдасымен бірге үйіне қайтқан көрінеді. Бірден ұйқыға кеткен азаматты қалай өлтіріп кеткенін жанында ұйықтап жатқан досының өзі білмеймін дейді. Ал Ошановтар күдікті санаған азаматтың жақындары кінәні марқұмға артып отыр.
«Есімде жоқ деп отыр. Ал бірақ төбелесіп, ағамды ұрып жатқаны есімде дейді »,- деді күдіктінің ағасы Тілеу Сармантаев.
Бүгінде күдікті деп ұсталып, артынша босатылған азамат Қарағандының ауруханасында ем алып жатыр екен. Оның сол күнгі оқиғадан мұрнына зақым келген деген ақпарат бар. Ал соңында әйелі қалған Мейрам Ошановтың өліміне қатысты бірнеше сараптама тағайындалып, «денсаулыққа қасақана зиян келтіру»бабымен тексеріс басталған.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.