"Отыз жыл бұрын төрт ер адам зорлады": БҚО-да желіде тараған видеодан кейін қылмыстық іс қозғалды

Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде шетелде тұратын қазақстандық әйел отыз жыл бұрын зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтып видео жариялады. Видеодан кейін Батыс Қазақстан Облысында аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйелдің сөзінше, оқиға болған кезде ол 17-18 жас шамасында болған. Оны Батыс Қазақстан облысындағы түкпірдегі бір ауылда төрт ер адам зорлаған.
“Төрт ағамның бірі оқуға, бірі әскерге кеткен еді. Мен кішкентай ғана ауылда анаммен бірге тұрдым, әкем қайтыс болған. Олар мені қараусыз қалған үйге апарып, кезекпен зорлады, ұрып-соқты, қылқындырды. Мен оларды отырғызамын деп қорқытқанымда, зорлаушылардың бірі Жайық өзеніне сүйреп апарып, батырып жіберемін деді. Мен сөзімді тағы қайталадым. Олар мені одан сайын ұрып, өзен жағасында қалдырып кетті. Таңға жақын әлсіз, киімсіз күйімде ояндым”, — дейді әйел.
Қазір әйел Вьетнамда тұратын көрінеді.Ол өзінде барлығы жақсы екенін айтты.
“Қазір менде бәрі жақсы сияқты. Өмір сүріп, еңбек етіп жатырмын. Ұлым жақсы университетте оқиды. Оны өзім үшін тудым. Бірақ мен сол қайғылы жағдайды ұмытқан жоқпын. Психологтар көмектесе алмады, отбасы құра алмадым, өйткені содан кейін еркектерді жек көремін”, — деп қосты әйел.
Ол енді Оралға келіп, аяғына дейін барып, өзін зорлағандарды жауапқа тартқысы келетінін жеткізді.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі нақтылағанындай, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
“Барлық дәйектер сотқа дейінгі тергеу арасында зерттелетін болады. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды”, — деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жоғары лауазымды шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталғаны хабарланған еді.
Кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық оқиғасы 3 қаңтарда болған. Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, сол күні 57 жастағы ер адам оның қызын алдап үйіне кіргізіп, зорлық жасаған. Оқиғадан кейін полицияға арыз түсіп, күдікті ұсталған.
Әкенің сөзінше, ер адам кінәсін мойындап, қыз да оны таныған. Алайда біраз уақыттан соң күдікті босатылып, үйіне жіберілген. Кейін ол жәбірленуші тарапқа хабарласып, қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан.