Отшашу атқан қазақстандықтарға салынатын айыппұл мөлшері белгілі болды

Отшашу атқан қазақстандықтарға салынатын айыппұл мөлшері белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айта кетейік, Қазақстанда отшашу атуға тыйым салынбаған, алайда қауіпсіздік техникасын бұзғандар үшін айыппұл қарастырылған.
Отшашуларды тек арнайы белгіленген орындарда ғана атуға рұқсат етіледі. Мұндай орындарға тұрғын үйлерден кемінде 50 метр қашықтықта орналасқан ашық аумақтар жатады. Сондай-ақ бұл аумақта ағаштар, электр желілері және отшашу тиіп кетуі мүмкін өзге де кедергілер болмауы керек.
2026 жылы қазақстандықтар жиі төлейтін айыппұлдар көлемі өседі
Егер бұл талаптар сақталмаса, әкімшілік кодекстің 436-бабына сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады, бұл 2025 жылы 78 640 теңгені құрайды. Сондай-ақ отшашуларды 16 жасқа толмаған балалардың қолдануына тыйым салынады. Мұндай құқықбұзушылық үшін ата-аналары 78 640 теңге көлемінде айыппұл арқалайды.
Сондай-ақ отшашулардың басым бөлігі 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 00:00-ден кейін, яғни жаңа жыл басталған соң атылатынын ескерген жөн. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) өседі, соған сәйкес отшашуды рұқсат етілмеген жерде атқандарға салынатын айыппұл да 86 500 теңгеге дейін өседі.
Айта кетейік, қазір 1 АЕК мөлшері – 3 932 теңге, ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге болады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда рұқсатсыз шырша сатқандарға 400 мың теңгеге дейін айыппұл салынатыны туралы жазған едік.
"Адамдар келсе айт, жылауға дайындалайық": Қазақстандықтар жаназа кезінде бастан кешірген жағымсыз жайттары туралы баяндады