Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өте ұят тірлік": Премьер-министр Бектенов Қазақстандағы жолдардың сапасын сынға алды

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі жолдардың жағдайы ең төменгі стандарттарға да сәйкес келмейтінін айтты. Оның айтуынша, өткен жылы ел азаматтарынан көшелер мен тас жолдарға қатысты шамамен 60 мың шағым түскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар өңірлерде жол сапасының күрт нашарлағанын жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылы көшелер мен тас жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстамауға байланысты түскен шағымдар саны 1,5 есеге артып, шамамен 60 мыңға жеткен. Ал биыл алғашқы айларда 7,5 мыңға жуық өтініш түскен.

“Әкімдіктер азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етуі, уақытылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі және жөндеу жұмыстарына бақылауды күшейтуі қажет”, – деді премьер-министр.

Үкімет басшысы мұнайлы өңірлерге ерекше назар аударды.


Тоқаев автокөлік тасымалын дамыту үшін жол сапасы мен қауіпсіздігін реттеу керегін айтты


"Екі көлік аударылып қалды": Қазақстандық ер адам Асы үстіртіне апаратын жол сапасына шағымданды


Солтүстік Қазақстанда әкім орынбасары жол сапасына көз жұма қарап, 10 миллион теңге пара алған


“Тұрғындар мен туристер Доссор – Ақтау және Атырау – Орал бағытындағы жолдардың өте нашар жағдайда екенін айтып отыр. Сонымен қатар Жетісу және Абай облыстарындағы танымал туристік нысан — Алакөл көліне апаратын өңірлік жолдарға қатысты да шағым түсті. Сапалы жолдар қозғалыс жайлылығы ғана емес, өңірлердің экономикалық өсімі мен инвестициялық тартымдылығының негізі. Құрылыс пен реконструкциялау технологияларын қатаң сақтау, жобаларды уақтылы іске асыру Көлік министрлігінің әрі барлық әкімдіктердің міндеті. Бұл мәселелер бірінші басшылардың тұрақты бақылауында болуы тиіс”, – деді Бектенов.

Сонымен қатар Бектенов жол бойындағы қызметтердің нашар екенін айтты. Оның сөзінше, қызмет көрсету орталықтары мен жанармай құю бекеттері негізінен ірі қалаларда шоғырланған. Бұл өңірлік тас жолдарда жүрген жүргізушілерге қиындық туғызады.

“Оларды біркелкі орналастыру, сервистің нысандарға, жанармай құю бекеттеріне және қонақүйлерге дейінгі қашықтықты көрсететін жол белгілерін орнату қажет”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Биыл Қазақстанда алты автожол ақылы болатынын жазған едік. “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев қай жол учаскелері ақылы болатынын айтты. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 03 Наурыз, 2026 12:53