Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отбасының шырқын бұзатын нәрсе – енелердің ұлын қызғануы

Өкінішке орай, бүгінде үйлену оңай, ажырасу одан да оңай болып барады. Ел ішінде шаңырақтың шайқалып, босағаның берік болмауы өзекті мәселеге айналды. Айрандай ұйыған, тату-тәтті қазақ отбасыларының саны жыл өткен сайын кеміп бара жатыр.

387f13a4e255d1e81178f5fed8033bb3-e1453626153925

Бүгін үйленіп, ертең бірін-бірі талақ етіп жатқан жас жұбайлардың қатары күн санап көбейіп келеді. Мұны статистика да, білікті де білімді психологтар да растауда. Осы жайт мазалап,«Otbasy.kz» отбасылық есендік орталығының директоры әрі психолог, өз ісінің маманы Мырзабаев Ержан Қуандықұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Ержан мырза, бүгінде ажырасудың белең алғанын білесіз, бұған түрткі болатын қандай негізгі себептерді атар едіңіз?

— Иә, ажырасу мәселесі елімізде өте үлкен проблемаға айналып бара жатыр. Соңғы кездері мемлекет бұл мәселені шешуге тырысқанымен, әлі жеткілікті шаралар жасалған жоқ. Ажырасу себептері өте көп. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жылда некеге отырушылар саны азайып, ажырасу жыл өткен сайын көбейіп барады. Сонымен қатар, 2015 жылғы «The Economist» Ұлыбританиялық журналдың статистикасына сәйкес, Қазақстан дүниежүзінде адам басына шаққанда ең көп ажырасатын 10 елдің ішіне кіреді. Бұл нені білдіреді? Бұл біздегі отбасы институтының құлдырап бара жатқандығын білдіреді. Бұл — өте үлкен проблема. Біздің зерттеулеріміз бойынша жастар арасында суицидтен Қазақстан дүниежүзінде алғашқы орынға кіріп бара жатыр. Сапалы отбасы болмаған жерде сапалы ұрпақ туралы айту мүмкін емес. Мен өзім 13 жылдан бері мектеп қабырғасында жұмыс істедім. Соңғы бір жылдан бері психолог болып жеке жұмыс істеудемін. Мектепте жұмыс істеп жүргенде байқағаным — тәртібі, үлгерімі нашар оқушылар толық емес отбасылардан шығады. Әкесі не шешесі жоқ, яғни әлеуметтік жетімдер. Ата-ананың тең тәрбиесін алып, бақытты отбасынан шықпаған соң, олардың тәртібі нашар келеді. Біз бұрын мектептерде бала тәрбиесіне байланысты ата-аналарға арналған семинарлар ұйымдастыратынбыз.

Бүгінде осы отбасы институты құлдырап бара жатыр. Біздің орталыққа көмек сұрап келген жастардан ата-анасы, балалық шағы туралы сұрасақ, олардың әке-шешелері де кішкентай кездерінде осы проблемаға тап болған болып шығады. Соның кесірінен олар бүгін сапалы ата-ана бола алмай жатыр.

— Аталмыш семинарлар ата-аналарға қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?

— Семинардан кейін ата-аналар бізге жеке сұрақтармен келсе, демек олар үшін пайдалы болғаны. Семинарға келген 200 адамның жартысына болса да сұрақ тудыра алсақ, ол біз үшін жетістік. Семинардан кейін ата-аналардың жазған ой-пікірлері, білдірген алғыстары, туындаған проблемалардың шешімін іздеп, қосымша сұрақтармен келулері өте үлкен жемісін көрсетті. Біз ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынастың бала тәрбиесіне қалай әсер ететінін ата-аналарға жеткізуге тырыстық. Одан кейін 2015 жылы мектеп қабырғасынан кетіп, Алматы қаласында осындай жеке фирмада жұмыс істеп, портал ашып, қазір жалпы қоғамға, халыққа отбасылық психолог қызметін ұсынып жатырмыз.

— Ізгі ұрпақ тәрбиелеу үшін қандай шаралар жасау қажет?

— Біздің «otbasy.kz» орталығының зерттеуі бойынша, 1985, 1990, 1995 жылдары туылған балаларға, өкінішке орай, ата-аналар дұрыс тәрбие бере алмады. Өйткені өзі өскен идеология актуалды емес. Ал 70 жылдық идеологияның нәтижесінде қазақ халқы өзінің салт-дәстүрін, тілін, дінін ұмытып қалды. Пионер, комсомол болу, партияға кіру, партия үшін қызмет ету секілді идеологияның барлығы құлдырап кетті. Сол үшін алдын ала психолог-медиаторлар ұсынылып жатыр. Ажырасуға арыз берген жұптарды психологқа жіберіп, психолог олармен сөйлесіп, бұл жұпты қайта татуластыру жолдарының бар-жоғын қарастырады. Бұл — шешу жолдарының бірі. Менің ойымша, біріншісі осы тарихи кезеңнің отбасы институтына әсері.

Екіншісі, негізі отбасылық тарихты зерттеп қарайтын болсақ, екінші дүниежүзілік соғысқа дейін бізде патриархалды отбасы фармациясы болған. Үйде барлық мәселе ер кісі, яғни әке немесе атамен ақылдасып шешіледі. Барлық мәселеге ол араласады, ол рұқсат береді немесе тыйым салады. Одан кейін екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан ер кісілер қатары сиреп кеткендіктен, әйелдер ер кісілердің жұмысын атқарып, басшылық лауазымдарды да қолға ала бастады. Сол себепті де матриархалды отбасы фармациясы алға шыға бастады. Кейін 70-80 жылдары бала орталықтандырған отбасы фармациясы, яғни отбасының ортасында бала болатын. Ерлі-зайыптылар бір-бірін жақсы көрмесе де, екеуі де бала әкесіз, анасыз өспесін деп, бір-біріне шыдамдылық танытты. Кейін, 1990-2000 жылдардан бері қарай келе жатқан фармация әркім өз ләззаты үшін өмір сүргісі келеді. Батыстың да бұған әсері бар. Батыс бүкіл қоғамның ортасына индивидті қояды. Егер бір жерде болу маған ұнаса, онда мен сол жерде боламын. Егер маған ұнамаса, мен ешкімге шыдауға мәжбүр емеспін деген фармацияның әсері бар. Сондықтан қазіргі кезде әсіресе жастар кішігірім проблема туындай қалса, бір-біріне шыдағысы да, бір-бірінің мінезін көтергісі де келмейді.

Сонымен қатар, біздің кеңесімізге жүгінген жастардың шағымы мен жасалған сауалнаманың нәтижесінде бұл мәселеде үлкен буынның да әсері барын байқадық. Яғни, қате тәрбие. Мәселен, отбасында туындаған түсініспеушіліктен «баламды алып кетемін» дегенде ата-енесі келіннің көңілін аулаудың орнына «Не бопты, шыдасаңшы. Біз шыдадық қой» дейді. Олар Кеңес үкіметі кезіндегі менталитетпен қазіргі заман жастарына кеңес бергісі келеді. Алайда бұл тәрбие түрі қазір актуалды емес. Ешкімнің біреуге шыда деуге құқығы жоқ. Қазіргі таңда көпшілік жоғары білімді, карьера қуып, қызмет істеген, олардың ешкімге бағынғысы келмейді. «Біреуге шыдау үшін емес, бақытты болу үшін үйленемін» деген түсінік қалыптасқан.

Біз семинарлар, сауалнамалар жүргізгенде оңтүстік жақта «ене проблемасымен» көп кездестік. Келін мен ене қарым-қатынасы өте қиын жағдайда. Көбінесе келіндер енелері үшін ажырасып кетеді. Енелердің отбасыға көп араласуы ажырасуға септігін тигізеді. Әке-шеше жастарға бостандық беруі керек. Олар өз алдарына жанұя болуды үйренулері қажет. Жаңадан тәй-тәй басқан баланың сүрініп құлап, қайта тұрып жүруге талпынатыны секілді жаңадан отау құрған жастар да сүрінеді, жығылады. Осылайша аяқтарынан тұрып кетеді. Сол сәтте олардың арасына түсіп, отбасылық кикілжіңдеріне, өмір сүру дағдыларына үлкендер тарапының араласуы жөн емес. Ата-ана жастардың мәселесіне көп араласқысы келіп тұрады. Бұл — қателік.

Сонымен қатар, отбасының шырқын бұзатын нәрсе — енелердің ұлдарын қызғануы. «Менің әлпештеп өсірген балам қалайша сырттан келген қызға бас иеді? Мен 20, 25, 30 жасқа дейін бағып жеткіздім» деп, аналар қызғаныш отын маздатып, жастардың арасына іріткі салады. Баласының әйеліне жылы қабақ танытқанын қызғанады. Олар баласының әлі кішкентай бала емес, отағасы екенін қабылдағысы келмейді. Ал бір жанұяның отағасы болу — үлкен жауапкершілік алу, белгілі бір міндеттерді орындау деген сөз. Ата-енесіне келін сырттан келген қыз болып көрінгенімен, ол ер-азамат үшін оның сүйген, таңдап алған жары, баласының анасы. Үлкендер сол көзқараспен өздерін баласының орнына қойып, эмпатия жасай алмайды. Келін — өрісің, ошағыңның иесі, ұрпағыңды жалғастырушы. Ол ордаңа кіріп кеткен «сұр жылан» емес, ұлыңның өмірлік серігі. Үлкендер келінге осындай көзқараста қарауы керек.

Сонымен қатар, ер кісілердің отбасына жауапсыздығы да ажырасудың бір себебі. Кейбір семинарларда менен отбасы бақыты кімге байланысты деп сұрайтын. Яғни, ер кісіге ме немесе әйел адамға ма деп. Менің маман ретінде айтатыным: отбасы бақыты 99 % ер кісіге байланысты. Өйткені әйел жаратылысында сүйікті болуды қалайды. Ол біреуге ұнау үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға дайын. Ал ер кісіде біреуге жағыну, ұнау деген ұғым жоқ. Ол кісіде жауапкершілік болса, міндетті атқарады, болмаса атқармайды. Егер біздің орталыққа ер адам «жұбайыммен түсінісе алмай жатырмын, не істесем болады» деп ақыл-кеңес сұрап келсе, бізге бұл оңай шешілетін мәселе болып көрінеді. Өйткені, отағасы жауапкершілікпен қарап, отбасын сақтап қалуға тырысуда. Ал әйел кісі кеңесімізге мұқтаж болса, бұл түйіннің шешімін табу өте ұзаққа созылады. Әйел кісі сезімтал, ал ер кісі табиғатынан салмақты болғандықтан, әйел адамның эмоционалды өзгерулеріне түсіністікпен қарауы тиіс. Ал, жауапкершіліксіз ер адамдар «соңғы сөз менікі болу керек» деп, қарсы жауап айтуға ұмтылып тұрады. Ал бұл ұрыс-керіс ақыр соңында ажырасуға алып келеді. Біздің практика осындай нәтижені көрсетіп отыр.

— Елімізде шаңырақты шайқалтпау үшін семинарлар өткізіп, психолог-медиаторлар көмегіне жүгінуден басқа жолдар бар ма?

— Үкіметтің әрбір отбасының жеке проблемасымен айналысуға мүмкіншілігі жоқ. Олар жастар бақытты болсын, экономикалық жағдайды жақсартайық дейді. Жастарға, мемлекеттік қызметкерлерге үй, жер беріп, жағдайын жасап, айлығын көтеріп жатыр. Осының барлығы жастарға көмек. Бірақ материалдық жағдай жасағаннан мәселе шешілмейді. Ең басты мәселе адам психологиясында. Сондықтан бұл мәселеде отбасылық психологтарды қолдап, мамандардың жұмысын арттыру керек.

— Ажырасу мәселесі еліміздің қай өңірлерінде көбірек белең алады?

— Солтүстік өңірінде. Петропавл, Қостанай, Павлодар қалаларында. Мен бұл көрсеткішті жеке тәжірибем нәтижесінде айтып отырмын. Ал Оңтүстікте ең аз көрсеткіш. Яғни, қазақшылық сақталған жерде ажырасу аз орын алып отыр.

Жалпы, өзгелермен салыстырсақ, қазақтарда жастар арасында ажырасу өте көп. Өзге ұлттарда, мысалы, орыстарда 40-50 жастағы буын арасында ажырасу өте көп. Батыста тұрмыс құрған қыздың міндеті — жолдасының әйелі болу. Ал бізде олай емес. Келінге батпан жүк артылады. Ол күйеуінің ғана емес, ата-ененің, қайын жұрттың, құда-жекжат, туыс-жұрағаттың, әулеттің, тіпті, бүкіл ауылдың көңілін табуға тиіс төмен етекті деп саналады. Осылайша келін әрқайсысын риза қыламын деп жүріп қиналып кетеді. Мұның соңы ажырасуға кеп тірейді.

— Баланың психологиясына ажырасудың әсері қандай?

— Толық емес отбасынан шыққан бала көбінесе өзіне сенімсіз болады. Жанашырлық, мейірім жеткіліксіз болып өскендіктен, қатыгездігі басымырақ болады. Көпшілігі болашақта өзінің отбасына немқұрайлы қарайды. Өйткені«мен де әкесіз өстім, өлген жоқпын» деген ой туындауы мүмкін. Әрине, бұл жағдай үлгілі отбасы көрмегеннің салдарынан. Көбінесе қылмысқа бейім болады. Ата-ана бала тәрбиесіне 12-13 жасқа дейін ғана әсер ете алады. Ары қарай балаға мектеп, достары, яғни қоршаған ортасы, интернет, қоғам, көрген фильмдері әсер етеді. Соларды көріп алып, бала ата-анасына қарсы шығуы мүмкін. Ата-ана балаға әсер ете алмайды. Сонымен қатар, әке мейірімі мен қорғанышын, жанұя жылуы мен сүйіспеншілігін көрмеген бала түрлі секталар арбауына өте оңай түседі. Біреу алдап, «бауыр боламын», «әке боламын» деп кішкене мейірленсе, жүректері елжіреп кетуі әбден мүмкін. Секталар осындай әлсіз, өміріне өкпелі жандарды іздейді. Соларды таңдап алып, қоғамға қарсы адам ретінде тәрбиелеп шығарады. Отбасындағы проблема ушығып, осындай қоғамдық өзекті проблемаға айналады.

— Бұл мәселені шешу үшін не істеу керек?

— Егер өзгерістер жасалмаса, отбасының өте бұлыңғыр келешегін көріп тұрмын. Маман ретінде мынадай ұсыныстарым бар: қоғамда отбасы институтын күшейту, отбасылық психологқа бару мәселесін халыққа насихаттау керек, өйткені бұл ұят нәрсе емес. Иә, бұрын біз бұл мамандарға барған жоқпыз. Бірақ бұрын бұл секілді проблемалар да болған жоқ.
Сонымен қатар, мемлекет қаражат бөлуі тиіс. Мәселен, тендер жариялау арқылы. Яғни психологқа баруға қалтасы көтермейтін жандарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе. Алматы қаласында психолог қызметі 3000-20000 теңге аралығында. Дегенмен қазіргі кезде де халқына жанашыр жандар өте көп. Өз тәжірибемізде ондай адамдарды көрдік. Олар қаражат бөліп, кеңеске мұқтаж жандардың психолог қызметіне жүгінуіне жағдай жасайды.

Осынау көмекке жаны құмар адамдардың ықпалымен де отбасыны сақтап қалуға атсалысамыз.

— Сіз отбасын сақтап қалу үшін психолог ретінде қоғамға қандай кеңес бересіз?

— Отбасыларға мынадай кеңес берер едім. Біріншіден, әйел ер кісінің, ер кісі әйел кісінің психологиясын оқысын. Мәселен, көлік айдау үшін жүргізуші куәлігін алу керек, ал куәлік алу үшін көптеген ережелерді жаттап, емтихан тапсыру керек. Сол куәлік арқылы сіз темірді жүргізе аласыз. Ал отбасын жүргізу — көлік жүргізуден де жауапты іс. Қазіргі таңда күйбең тіршілік деп ерлі-зайыптылар бір-біріне көңіл бөлмейді. Алайда, бір-бірінің көңілін аулау үшін уақыт іздемей, әрбір сәтті ұтымды пайдаланып, барынша мейірімге бөлегендері абзал. Әрдайым бір-біріне алғыс білдіріп жүрсе, нұр үстіне нұр болмақ. Оған қоса мүмкіндігінше отбасылық семинарларға да барудың пайдасы мол.

— Сұхбатыңызға рақмет, Ержан мырза!

Жангүлім Хафиз, Қазақстан-Заман газеті

Жіберіп алмаңыз:

Елімізде әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады

Жігіттің сұлтандары: Қазақстандағы ең танымал 10 бойдақ (фото)

Еліміздегі қай облыс тұрғындарының шетелдіктермен көбірек үйленетіні белгілі болды

Талқылау