Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарылған оқушы Алматыдағы №8 мектептен аттестат алды
Фото: Аида Букаеваның желідегі парақшасынан
Қоғам белсендісі Аида Букаева Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарылған оқушының оқиғасы өз мәресіне жеткенін айтты. Жасөспірім Алматыдағы қарапайым мектепте 11-сыныпты сәтті аяқтап, бірде-бір "үштіксіз" аттестат алатын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін Сұңқар есімді жасөспірімді Назарбаев зияткерлік мектебінен оқу жылы аяқталуына үш-ақ күн қалғанда шығарып жіберген. Белсендінің айтуынша, баланы мектептен шығарып қана қоймай, тағы бір жылға қалдыру да көзделген екен.
"Сценарий бойынша, ол 2025 жылдың қыркүйегінде жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбына қайта баруға тиіс еді. Яғни сіздер оны тек шетке ысырып тастап қана қоймай, тағы бір жылға қалдырмақ болдыңыздар", – деді қоғам белсендісі.
Аида Букаеваның айтуынша, Сұңқар өте ауыр жағдайға тап болған. Ол отбасындағы жалғыз бала, ата-анасы орыс тілін меңгермеген. Сұңқар бес жыл бұрын Назарбаев зияткерлік мектебіне ең жоғары балл жинап түскен. Оның атасы Қытайдан тарихи отанына оралу үшін жоғары лауазымын тастап көшіп келген.
Қоғам белсендісі Аида Букаева Сұңқарға көмектескен барлық жанға алғысын білдірді. Жасөспірім Алматыдағы №8 мектепке қабылданған.
"Бізге бас тартқан мектептер де бұл жазбаны оқитынын білемін. Сіздер жеңілдіңіздер! Жеңілген – Назарбаев Зияткерлік мектебі! Бүгін Сұңқардың көзінде қуаныш бар! Иә, оңай болған жоқ! Жан-жақтан қысым жасалды. Екеуміз де шыдамай, ақыры аурухана төсегіне жаттық. Бірақ әділет салтанат құрды!" – деді ол.
Қоғам белсендісі балаларға қысым көрсетуге және әділетсіздікке жол бермеуге шақырды. Енді Сұңқар ҰБТ-ға рұқсат алуды күтіп отыр. Бұдан бөлек Алматы білім басқармасы редакциямыздың сауалына жауап беріп, Сұңқардың аттестат алғанын растады.
Мұғалімге балағат сөз айтқан Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы қарапайым мектепке ауысты
Еске салайық, бұған дейін Назарбаев зияткерлік мектептерінің басқарма төрағасы Ануар Жанғозин Facebook парақшасында 11-сынып оқушысының емтихан кезінде телефон қолданғанын, яғни академиялық адалдық қағидаларын бұзғанын мәлімдеді. Телефон тәркіленген сәтте оқушы мұғалімге бейәдеп сөз айтып, агрессия көрсеткен. Бұған дейін де оқушының тәртібіне байланысты мәселелер болған. Жанғозин бұл жағдай тек мектептің емес, отбасы мен қоғамның да жауапкершілігін көрсететінін атап өтті. Қазір оқушыны басқа мектепке ауыстыру мәселесі шешілген. Кейін оқушы кешірім сұрап, өз нұсқасын айтып, президентке үндеу жолдаған еді.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
