"Отбасылық құндылығымыз — ауызбіршілікті сақтау": Түркістандық көпбалалы ана бала тәрбиесіндегі құпиясын бөлісті
Отбасы — әр адамның тәрбие алатын, бақытты сәттерін бөлісетін және қиын кездерде қолдау табатын жері. Онда әрбір адам қамқорлық пен махаббатқа бөленіп, жауапкершілікті үйренеді. Осылай деген түркістандық 6 баланың анасы Мөлдір Әлімқұлова өзі және отбасы туралы Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Фото: Мөлдір Әлімбекованың жеке дерекқорынан
Балаларымыздың тәрбиесі мен білім алуына жолдасым екеуміз де атсалысамыз
Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, Жылға ауылының тұрғыны Мөлдір Әлімқұлова – 6 баланың анасы. 29 жастағы көпбалалы ана жолдасы Нұржан екеуі 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп отыр. Келіншек мектепте зертханашы қызметін атқарады. Көпбалалы ана ауызбіршілік пен бауырмалдық отбасындағы басты құндылық екенін айтады.
“Алты балам бар. Үлкен қызым Інжу 9 жаста, Алтынай 8-де, Ұлдана 7-де. Үшеуі де мектепке барады. Одан кейін ұлым Арман төрт жаста, Нұрислам 3 жаста, ал қызым Айша 1 жаста. Үйдің кенжелері балабақшаға барады. Ал жолдасым Жылға ауылдық өрт сөндіру бекетінде командир болып жұмыс істейді”, – дейді Мөлдір Әлімқұлова.
Сондай-ақ көпбалалы ана бос уақытында әлеуметтік желідегі аспаздарға қарап, түрлі дәмді тағамдар дайындағанды ұнататынын айтты.
“Таңертең ерте оянып, оқушыларымызды мектепке жіберіп, кішкентайларын балабақшаға апарып, өзім және жолдасым жұмысқа кетеміз. Кішкентайларын балабақшаға жолдасым жеткізеді. Екеуміз де балаларымыздың тәрбиесіне, білім алуына және қызығушылықтарына, өзі сүйген іспен айналысуына көп көңіл бөлемі. Олар мектептен келген соң, кешкі уақытта сабақтарын бірге қараймыз. Оларға мейлінше бос уақытым болса ертегі оқып беруге тырысамын. Кейде бос уақытым бола қалса әлеуметтік желідегі парақшалардан аспаздарды қарап, түрлі дәмді тағамдар дайындаймын. Бұрыннан басты хоббиым осы”, – дейді ол.
Отбасылық құндылығымыз – ауызбіршілікте
Көпбалалы ана Мөлдір Әлімқұлова балаларын бауырмалдыққа, ауызбіршілік пен жанашырлыққа тәрбиелейтінін айтты.
"Біздің басты отбасылық құндылығымыз ауызбіршілік, бір-бірімзге демеу білдіріп, қамқорлық жасау. Балаларыма үнемі бір-біріңе бауырмал болыңдар, дос болып сырласыңдар деп айтып отырамын. Білім алыңдар, заман оқығандікі деп ескертемін. Балаларымды жиі құшақтап, еркелетіп, жылуымды барынша төгуге тырысамын", - дейді Мөлдір Әлімбекова.
Сондай-ақ көпбалалы ана жанұясында арнайы отбасылық күнді бекіткендерін айтты. Сол күні бір-бірімізге сыйлық жасап, қуантуға тырысамыз дейді.
"Отбасылық мереке ретінде үйленген күнімізді жыл сайын айрықша атап өтеміз. Оның үстіне әр баламыздың туған күні біз үшін үлкен мейрам. Әрқайсына туған күнінде қызығушылығына орай сыйлығын беріп, құттықтап, атап өтеміз", – дейді көпбалалы ана.

Фото: Мөлдір Әлімбекованың жеке дерекқорынан
Сонымен қатар көпбалалы ана ай сайын мемлекет тарапынан жеңілдіктер берілетінін айтты. Биыл "Күміс алқа" иегері атаныпты. Оның да көмегі бар дейді ол.
Сондай-ақ Мөлдір Әлімбекова отбасылық құндылықтың адамның жеке басының дамуына ғана емес, қоғамның әл-ауқатына да үлкен әсер ететінін айтты. Өйткені әрбір отбасы мүшесінің тәрбиесі мен мінез-құлқы қоғамның болашағына ықпал жасайды дейді.
"Отбасылық құндылық — бұл отбасы мүшелерінің арасында қалыптасқан моральдық, әлеуметтік және рухани қағидалар мен ұстанымдар жүйесі. Олар адамгершілік, құрмет, махаббат, өзара түсіністік, адалдық және жауапкершілік сияқты негізгі аспектілерді қамтиды. Отбасылық құндылықтар адам өмірінің маңызды негіздерін қалыптастырады және қоғамның тұрақтылығына, ұрпақ тәрбиесіне ықпал етеді", – дейді көпбалалы ана.
Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев