Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Отбасы банк" тегін немесе жеңілдетілген тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды тексеруді бастады

кезекке тұрғандар тексеріледіФото: © istockphoto.com

"Отбасы банк" басшысы Ләззат Ибрагимова AIX Business Insights подкастында алда әртүрлі жылдары мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұрған 630 мың адамның тізімін жаңарту бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Астана" Халықаралық қаржы орталығы (AIX) биржасының басшысы Асель Мұқажановаға берген сұхбат барысында Ләззат Ибрагимова "Отбасы банк" ұлттық даму институтының тұрғын үй кезегін рәсімдеу, түгендеу және тұрғын үйді мұқтаж азаматтарға бөлу бойынша атқарып жатқан жұмысын баяндады.

Ибрагимова атап өткендей, әртүрлі санаттағы азаматтар тегін тұрғын үй алуға құқылы. Оларға аз қамтылған, төмен табысты әлеуметтік топтар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, жетім балалар жатады.

Жеңілдік санатына кәсіби белгі бойынша адамдар да кірген, олар мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, сондай-ақ жас ерекшелігі бойынша зейнеткерлер. Әртүрлі жылдары тұрғын үй кезегіне барлығы 630 мың адам тұрған, ал әкімдіктер оларды жалдамалы тұрғын үйге және түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үйге орналастырған.

"Қазір біз Ақмола облысында Көкшетау мен Косшыда пилоттық жобаны бастадық. Біреу бұрын кезекте тұрған, бірақ қазір талаптарға сәйкес келмеуі мүмкін. Мысалы, ол мемлекеттік қызметкер емес немесе бұрыннан тұрғын үйі бар. Косшыда бізде 1717 адам кезекте тұрды, біз шамамен жүз пәтер бөлдік, адамдарды шақырып, тексердік. Мысалы, кейбір жұптарда Таразда немесе Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғын үйі бар екені анықталды", – деді Ләззат Ибрагимова.

Ибрагимова банк инвентаризация жүргізу үшін өз мәліметтерін мемлекеттік базалармен біріктіретінін айтты. Ол адамдар тізімнен мемлекеттік органдардың нақты деректері бойынша автоматты түрде шығарылатын жүйені құруды қалайтынын айтты.

Мысалы, жалдамалы тұрғын үйді бөлу кезінде бір адамның БЖЗҚ бойынша табысы жоқ болып көрінген, бірақ шын мәнінде ол жоғары лауазымды әскери қызметкер болып шыққан. Әскери қызметкерлер үшін БЖЗҚ-ға аударым жасалмайды. Бұл ақпарат әлеуметтік сақтандыру қорының базасын қосқаннан кейін ғана анықталған.

Ибрагимова барлық 630 мың кезекте тұрған азаматқа әлеуметтік тұрғын үй алуға сәйкес келетінін растау үшін SMS жіберілгенін, бірақ тек 12%-ы жауап бергенін айтты.

"Бізді үлкен тазалау күтіп тұр. Бір жағынан, кейбір адамдар кезекке тіркелгенімен, талаптарға сәйкес келмейді. Екінші жағынан, бұл – үлкен база. Бұл деректер базасын дұрыс әрі ақылмен пайдаланып, азаматтарға қандай өнімдер ұсыну керегін таңдау керек. Мысалы, біреуге ипотека, біреуге жинақпен жалға беру ұсынылуы мүмкін", – деп түйіндеді Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында мүгедектігі бар жанды 12 жыл бұрын үй кезегінен заңсыз алып тастағаны туралы жазған едік.

Рая Мінәп
Жұма, 28 Қараша, 2025 18:18