Отбасы банк Қазақстандағы жұмысшыларды әлеуметтік қолдаудың тиімді құралдары туралы айтты
9 қаңтар үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибелерін тарату, олар үшін жаңа ынталандыру құралдарын енгізу және кеңейту қажет екенін айтты.
Фото: 2gis.kz
Ол өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп, жұмысшылар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Отбасы банкінде жұмысшыларды әлеуметтік қолдаудың тиімді құралы бар. Бұл – "Корпоративті өнім". Аталмыш бағдарлама аясында жұмыс беруші мен Отбасы банкінің қолдауымен 1000-ға жуық адамның қоныс тойын атап өтті, олардың қатарында – зауыт жұмысшылары, энергетиктер, кеншілер, металлургтер, мұнайшылар мен дәрігерлер бар.
Банк пен компаниялар қолжетімді заемдарға 5,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету әлеуметтік мәселесін – мемлекеттік бюджеттен қаражат тартпай, мемлекеттік бағдарламалардағы конкурстарды ұзақ күтпей-ақ шешуге болатыны маңызды.
Корпоративтік өнім – Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Ақсу, Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар, Екібастұз, Хромтау, Лисаков, Рудный, Петропавл қалаларындағы түрлі компанияның қызметкерлеріне тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесті.
“Еңбек адамдарының тұрғын үй мәселесін шешуде қолдау көрсету – біз үшін өте маңызды. Өйткені кәсіпорын қызметкерлері көп жағдайда қажет бастапқы жарнаның болмауы мен жалақыларының жеткіліксіздігінен мемлекеттік бағдарламалар мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатыса алмайды. Дәл осы жерде жұмыс берушілері шешуші рөл атқара алады. "Корпоративтік өнімді" пайдалана отырып, олар өз қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шеше алады. Бұл қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатына инвестиция құю ғана емес. Сондай-ақ бұл кадрлардың адалдығын нығайтады, күшті және ынталы команда құрады, көптеген жағдайларда елдегі ішкі көші-қонның алдын алады, сирек және құнды кадрларды сақтайды. Бюджеттен әлеуметтік жүктемені азайту, өңірлерде жұмыс істейтін жастарды ұстап қалу үшін біз ірі кәсіпорындарға жыл сайын "Корпоративтік өнім" шеңберінде Отбасы банкімен ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз”, – деп түсіндірді Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Отбасы банкіндегі "Корпоративтік өнім" 2019 жылы пайда болды. Оның көмегімен жеке баспаналарын "Қаражанбасмұнай" компанияларының қызметкерлері, Eurasian Resources Group (ERG) компаниялар тобы, атап айтқанда "Шұбаркөл көмір", "Еуроазиялық энергетикалық корпорация" АҚ, "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі" АҚ, "Қазхром "ТҰК" АҚ, "Қазақстан алюминийі" АҚ, Қарағанды облысының кеншілері мен металлургтері, сондай-ақ медициналық және құрылыс компанияларының қызметкерлері сатып алды.
Өнім әрбір жұмыс берушіге жасалатын икемді шарттармен ыңғайлы. Сондықтан компания немесе кәсіпорын қалаулары бойынша өздеріне сәйкес келетін жеке нұсқа құра алады.
Жұмыс берушіге өз қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін қалай шешуге болады?
Үш негізгі ынтымақтастық мүмкіндігі бар.
- Компания немесе кәсіпорын банкке несие немесе облигациялық қарыз түрінде мөлшерлемесі 0,01% бойынша ақша бөледі. Қаражтты тарту мерзімі - 8 жылға дейін. Осы ақшаға Отбасы банк кәсіпорын қызметкерлеріне 5% (ЖТСМ 5,2%-дан бастап 5,3%-ға дейін) мөлшерлемесі бойынша заем береді. Бұл ретте бастапқы жарнаның мөлшері қарыз сомасының 0-10% құрайтыны маңызды. Қарыз алушыға несие беру мерзімі – 19 жылға дейін. Заем бастапқы және қайталама нарықтардан құны 50 млн теңгеге дейін тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді.
Жеңілдетілген шарттар бойынша несиелеуге қатысушылардың тізімін жұмыс беруші ұсынады. Ынтымақтастықтың бұл нұсқасының басты артықшылығы – жұмыс беруші өз қызметкерлерін несиелендіру үшін банкке бөлген қаражатын 100% қайтара алуы. Ақша қызметкердің төлем тәртібіне қарамастан, сондай-ақ қызметкердің осы компаниядан кеткеніне немесе онда жұмысын жалғастырғанына қарамастан компанияға қайтарылады.
Жалпы, әртүрлі компаниялардың 210-нан астам қызметкері осылайша өздерінің тұрғын үй мәселесін шешті. Дәл осы нұсқа бойынша "Қаражанбасмұнай" АҚ 2019 жылы Отбасы банкімен ынтымақтастықта болды. Олар "Корпоративтік өнім" аясындағы алғашқы серіктес компания болды. Нәтижесінде қоныс тойын кәсіпорынның 100-ге жуық қызметкері атап өтті.
- Өзара әрекеттесудің екінші нұсқасы – бұл ұйым несие түрінде (қайтарылатын немесе қайтарылмайтын) өз қызметкерлеріне аралық заем алу үшін бастапқы жарнаға қаражат береді. Бұл ретте қарыз алушы үшін бағалау көрсеткішінің ең төменгі мәні бойынша қойылатын талап жоқ екендігін атап өткен маңызды. Ол нөлге тең болуы мүмкін. Яғни, жұмыс беруші өз қызметкеріне қарыз сомасының 50% мөлшерінде депозитті толықтырады және оған бірден кредит беріледі. Бұл жағдайда қарыз бойынша мөлшерлеме жылдық 7% бастап (ЖТСМ-7,3%-дан 9,1% дейін) 8,5% (ЖТСМ 9%-дан 9,6% дейін) құрайды. Несиелеу мерзімі - 25 жылға дейін.
Осы нұсқа бойынша "БК-СТРОЙ" құрылыс компаниясы өз қызметкерлерін қолдап, оларға бастапқы жарнаның бір бөлігін төледі. Осы ынтымақтастық тетігі аясында әр түрлі ұйымдардың 11-ден астам жұмысшылар отбасы жеке баспаналарын сатып алды.
- Отбасы банкімен ынтымақтастықтың үшінші нұсқасы – серіктестер арасында ең оңтайлы және сұранысқа ие. Бұл сатып алу арқылы жалға алу. Мұнда кәсіпорын өз қызметкерлеріне дайын тұрғын үй ұсынады. Қызметкер пәтерге кіріп, қоныс тойын атап өтеді, номиналды жалдау ақысын төлейді және Отбасы банкіндегі депозитке бастапқы жарна жинайды. Қажетті 50% мөлшеріндегі сома жинақ шотына жиналған кезде банк қалған 50%-ға жылдық 3,5%-дан (ЖТСМ 3,6%-дан 4,4%-ға дейін) жылдық 5%-ға (ЖТСМ 5,1%-дан 6,9%-ға дейін) дейінгі мөлшерлемелер бойынша тұрғын үй заемын береді.
Дәл осы нұсқа бойынша Eurasian Resources Group (ERG) Отбасы банкімен өте белсенді ынтымақтастық орнатты. Осы компаниялар тобының 620-дан астам қызметкері өз пәтерлерінде тұра отырып, баспаналарын болашақта сатып алу үшін қаражат жинауда. Сондай-ақ, Отбасы банк осы нұсқамен "Alageum Electric" компаниялар тобына кіретін "Петропавл электротехникалық зауыты" ЖШС-мен ынтымақтасады.
Отбасы банкімен ынтымақтастық орнату үшін компаниялар мен кәсіпорындардың өкілдері өз өңірінде тікелей банк филиалының директорларына жүгіне алады (https://hcsbk.kz/ru/reception-of-citizens/).
Корпоративтік өнім жұмысының сәтті кейстерінің бірі – 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысында іске асырылды. Онда "Шығыс маманы" жобасы іске қосылды. Ол мамандарға тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, сонымен қатар тар бейінді мамандарды көшуге, жылу энергетикасы саласында сұранысқа ие кадрлардың кетуін болдырмауға көмектесті. Бұл аймақтағы өте тапшы және сұранысқа ие мамандық. Кадрлармен мәселені шешу үшін облыс әкімдігі жеңілдетілген несиелеу үшін 300 млн теңге бөлді, Отбасы банк қарыз беруге көмектесті. Бүгінгі таңда 17 маман қоныс тойын атап өтті. Олар 10% бастапқы жарна және 5% несие мөлшерлемесімен (ЖТСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін) тұрғын үй сатып ала алды.
“Корпоративтік өнім қағидаттарын тиімді пайдаланудың тағы бір айқын мысалы – Қарағанды кеншілерін қолдау. Олардың отбасыларын баспанамен қамтамасыз ету өте маңызды екенін бәріміз білеміз. Өйткені, бұл ертеңгі күнге деген сенімдік, жақындарыңыз үшін тыныштық. Сондықтан, Отбасы банк Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, 2022 жылы және 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында қолжетімді шарттар бойынша жергілікті кеншілер мен металлургтерге несие берді. Жалпы 3,2 млрд теңге бөлініп, 229 отбасы баспана сатып алды. Олардың барлығы "Qarmet" АҚ компаниясының қызметкерлері, бұрынғы "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы болған. Жалпы кәсіпорынның өзі қызметкерлерін қолдап, несие беру үшін қаражат бөледі деп жоспарланған болатын. Біз бұл мәселенің шешімін күтудеміз”, – деп атап өтті Отбасы банкінің Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
“Биыл еліміздің тағы бір ірі кәсіпорны – "Богатырь Көмір" ЖШС-нің жүздеген қызметкерлері қоныс тойын тойлай алады” деп сенеді Отбасы банк. Себебі өткен жылы банк еліміздің көмір өнеркәсібінің көшбасшы компаниясымен ынтымақтастық туралы келісім жасаған. Қазір банк қызметкерлерді несиелеу үшін қаражаттың аударылуын күтіп отыр.
Сондай-ақ құрамында фосфор бар өнім өндіретін жетекші компания "Қазфосфат" ЖШС-мен ынтымақтастық орнатылған, банкке қаражат түскеннен кейін, жоба жүзеге асырылмақ.
Жұмысшылар өз беттерімен алғашқы жарнаға қаражат жинауды бастап, тұрғын үй сатып алу жолын қысқарта алады. Жинақтау мәдениеті – клиенттерге банк ипотекасын ең қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік береді. Компания қызметкерлері ұмытпай, тұрақты түрде жарна жасап отырулары үшін "Арманға жол" деп аталатын көмекші құрал бар. Ол жүздеген компанияларға Отбасы банкіндегі депозитке жалақы түскен күні қаражатты автоматты түрде аударып отыруға көмектеседі.