Жамбыл облысында сарбаз өз саусақтарын шауып тастаған
Фото: freepik.com
Жамбыл облысы Отар елді мекенінде орналасқан 30212 әскери бөлімінде сарбаз өз саусақтарын шауып тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жағдайды журналист Михаил Козачков Telegram-арнасында жазды. Оның сөзінше, сарбаз бастығынан сөгіс алғаннан кейін өз қолына ауыр жарақат салған.
“Дереккөзімнің мәліметінше, әскери қызметкер басшысынан ескерту алған соң балтамен өз саусақтарын шауып тастаған. Ол суық қаруды өртке қарсы қалқаннан алған. Сарбаздың саусағы қатты тілінгенімен, дәрігерлер оның саусақтарын аман алып қалған”, – делінген жазбада.
Құрлық әскерлері баспасөз қызметінің мәліметінше, сарбаз сол қолының саусақтарын темір затпен өзі жарақаттаған.
“2026 жылы 6 қаңтарда Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметкер, қатардағы Т.-ға қатысты оқиға орын алды. Таңғы тексеру кезінде әскери қызметкер казарма алдында сол қолының саусақтарын металл затпен әдейі жарақаттаған. Зардап шеккен азамат дереу әскери госпитальға жеткізіліп, оған уақытылы медициналық көмек көрсетілді. Қазір оның жағдайы тұрақты, өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Ол дәрігерлердің бақылауында”, – делінген хабарламада.
Құрлық әскерлерінің мәліметінше, әскери қызметкердің бұл әрекеті жеке себептерге байланысты жасалған. Қызметпен қатысы жоқ дейді.
“Зардап шеккеннің айтуынша, бұл әрекет жеке себептерге байланысты жасалған. Әскери қызметті өтеумен, әскери бөлім командирлерінің немесе лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерімен байланысты емес. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрлігінің Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасының Гвардейск бөлімі оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша оқиға орнына оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары бастаған арнайы комиссия жіберілді. Жағдай Құрлық әскерлері қолбасшылығының бақылауында”, – делінген хабарламада.
Құрлық әскерлері ресми тергеу аяқталғанға дейін тексерілмеген және жалған мәліметтерді таратпауды сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысынан әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметкер Данияр Амалбеков бір айға жетпей көз жұмғаны туралы жазған едік. Ол 2026 жылы 6 қаңтарда қайтыс болған. Ұлттық ұланның ресми мәліметіне сәйкес, сарбаздың жүрегі кенеттен тоқтаған.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді