"Отанды жақсы көру деген осы ғой": Науқастарымен еркін сөйлесу үшін қазақ тілін үйренген дәрігер көпті тәнті етті
Фото: Видеодан скриншот
Желіде науқастарымен еркін сөйлесу үшін қазақ тілін қалай үйренін айтып берген уролог Ростислав Фроловтың видеосы қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дәрігердің қазақ тілін үйренуіне жұмысы түрткі болған. Оның айтуынша, жұмыс күндерінің бірінде қабылдауға орыс тілін мүлде білмейтін науқас келген. Уролог алғашында науқастардың шағымдарын түсініп, көмектесу үшін қазақ тіліндегі қарапайым тіркестерді үйренуге шешім қабылдайды. Уақыт өте келе сөздік қорын біртіндеп кеңейткен.
Фролов қазақ тілі тек жұмыс барысында емес, күнделікті өмірде де адамдармен шынайы қарым-қатынастан ләззат алудың көзіне айналғанын жасырмады.
“Міндетті түрде қарапайым бірдеңе сұраймын, мысалы, қазақша “Қанша тұрады?” деп бастаймын. Сол сәтте адамдардың жымиып кеткенін көремін. Оларға да жағымды, өзіме де адамдарды түсінетінім ұнайды. Дүкенде де, науқастармен де ортақ тіл табамыз. Алтын ереже бар, түсінікті тілде сөйлеу”, – деді дәрігер Ұлықбек Шәріповке берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол әрбір науқасқа бейімделіп, жайлы атмосфера қалыптастыруға тырысатынын айтты.
“Егер науқасқа қарапайым “сен” деп сөйлескен ыңғайлы екенін сезсем, ешқандай мәселе жоқ”, – деді ол.
Желі қолданушылары дәрігердің сөзіне тәнті болып, оның кәсібилігі, науқастарға деген құрметі және қазақ тілі мен мәдениетіне деген шынайы қызығушылығы туралы жазып жатыр.
“Өте керемет дәрігер, қарапайымдылығы қатты сезіледі”, “Ең бастысы – тәжірибе, оқып бастасаң, үйреніп кетесің”, “Өзіңнің жұмысың мен отаныңды жақсы көру деген осы ғой”, “Қазақша таза сөйлейді екен”, – деп жазған олар.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ тілінде сөйлеуден бас тартқан мейрамхана әкімшілігі қазақстандықтардың шамына тигені хабарланған еді.
Әуежайда әйелдің өмірін сақтап қалған Мұса Әбдірайым – “Жыл адамы 2025” атанды