Отандық футбол қара жамылды: “Қайрат” футбол академиясының жетекшісі өмірден өтті
Фото:”Қайрат” фк
Бүгін 46 жасында "Қайрат" футбол клубы академиясының жетекшісі Кирилл Сергеевич Кекер күтпеген жағдайда өмірден өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы хабарды алматылық клуб әлеуметтік желілерінде жариялап, марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
"Бұл – бүкіл клуб үшін орны толмас ауыр қайғы. Он жылдан астам уақыт бойы “Қайрат” жүйесінің ажырамас бөлігі болып, қазақ футболының дамуына өз үлесін қосқан адамның қазасы бәрімізді терең күйзелтті.
Кирилл Сергеевич өз ісіне адал, талапшыл әрі әділ маман еді. Ол жас ойыншылардың мүмкіндігін ашып, шешуші сәттерде қолдау көрсете білетін нағыз тәлімгер болатын. Академияның, негізгі команданың, сондай-ақ Қазақстан жасөспірімдер құрамасының дамуына қосқан үлесі зор.
Әр жылдары клуб құрылымында маңызды лауазымдарды атқарды. 2022–2024 жылдары сары-қаралардың негізгі командасын басқарды. 2025 жылы Академияға жетекшілік етіп, сонымен бірге Қазақстан U-19 құрамасымен жұмыс істеп, жаңа буын футболшыларын тәрбиелеуді жалғастырды", – делінген клубтың ресми хабарламасында.
Айта кетейік, Кирилл Сергеевич Кекер 2016 жылдан бері "Қайрат" жүйесінде түрлі қызметтер атқарды. 2021–2024 жылдары бірнеше рет негізгі құрамның бас бапкері болды.
2024 жылы ол Шымкенттің "Ордабасы" командасын басқарды, ал 2025 жылдың басында Қазақстанның жастар құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Оның жетекшілігімен Қазақстан U-19 құрамасы қараша айында өз тарихында алғаш рет Еуропа чемпионатының элиталық кезеңіне жолдама aлды.
"30 минутқа созылады, тез келемін деген еді": Астанада көзіне лазерлі ота жасатуға барған үш баланың анасы қаза тапты

