Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскемендіктер тағы да қара түтінге тұншығып, балалар қашықтан оқуға көшті

Өскемендіктер қара түтінге тұншығып, балалар қашықтан оқуға көшті

Фото: Видеодан скрин

Өскеменді тұман басып, балалары үшін алаңдаған жергілікті тұрғындар оқушыларды онлайнға ауыстыруды талап етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Экологтар ауа құрамында улы заттардың үш есе артқанын анықтады.

“Экология департаменті мамандары біздің қалада орналасқан ірі кәсіпорындарына барды. Ауа сапасын тексеру бойынша жұмыстар жүргізді. Нәтижесі бойынша біз қала әкімшілігіне департамент атынан ұсыныс енгіземіз. Ұсыныс бойынша халыққа дұрыс хабарлама жеткізу. Балалардың далаға шығуы бойынша шара қабылдау”, – деп мәлімдеді ШҚО экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов.

Мамандардың айтуынша, атмосферада күкірт диоксидінің мөлшері 2,9, ал күкіртсутегі нормадан 1,8 есе артқан. Тыныс жолдарына қауіпті жағдайға қатысты жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде наразылық білдіріп жатыр. Метеожағдайдың денсаулыққа қауіпті екенін “Қазгидромед” мамандары да растап отыр.

Осылайша, “Қазгидромет” РМК Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының ресми хаты негізінде және қала әкімдігі мен білім басқармасының келісімі бойынша оқушыларды қашықтан оқуға ауыстыру туралы шешім қабылданды.

“II дәрежелі ұзақ қолайсыз метеожағдайларға (ҰМУ) байланысты 2025 жылғы 24 қазанда Өскемен қаласының барлық мектептерінде оқыту қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылады”, – деп мәлімдеді ведомство.

Мезі болған тұрғындар қала аумағындағы ірі кәсіпорындарды көшірсек мәселе шешіледі деп отыр.

STAN.KZ
Жұма, 24 Қазан, 2025 11:07
Талқылау