Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскеменде зауыттар қаланы тұмша басуына байланысты жұмысын бәсеңдетті

зауыттар жұмысын тоқтаттыФото: Видеодан скрин

Өскеменде бірқатар кәсіпорындар өндірістік қуатын төмендетті. Оған табиғи факторлар, оның ішінде аймақта бірнеше күннен бері сақталып тұрған желсіз ауа райы себеп. Дәл осы жағдай қаланың үстін қалың тұмшаның басуына әсер еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Жетінші арнаға сілтеме жасап хабарлайды. 

Облыс орталығында улы түтін бір аптадан бері сейілмей тұр. Экологтар ауа сапасын күн сайын тексеріп жатыр. Алайда көрсеткіштер көңіл көншітпейді: кеше күкірт диоксиді мен күкіртсутегінің мөлшері рұқсат етілген шекті деңгейден екі есеге жоғары болған.

Жағдайды бақылауға алу үшін кәсіпорындар өндірісті қысқартуға келісті. Мәселен, Өскемен металлургия кешенінде өнім көлемі 20%-ға төмендетілді. Сонымен қатар, қалалық жылу электр орталығында (ЖЭО) да көмір жағу көлемі азайтылған. Бірақ әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, тұрғындар ауа сапасынан айтарлықтай өзгерісті әзірге сезбей отыр. Қалада демалу әлі де қиын дейді олар.


ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді


ШҚО-да 500 миллион теңгеге жуық қаржыға ауа сапасын тексеретін жылжымалы станция сатып алынбақ


Осы уақытта зауыттар жұмысына экологиялық мониторинг топтары тексеру жүргізіп жатыр. Топ құрамында қоғамдық ұйым өкілдері мен облыс әкімдігі қызметкерлері бар.

"Шығарындылар азайтылды және экология департаменті тұрақты түрде өлшеу жүргізіп жатыр, яғни мәселе бақылауда тұр. Келесі нысан жылу электр орталығы (ЖЭО). Қазір экология департаментінің мамандары сол жерде тексеру жүргізіп жатыр. Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде әрекет ету бойынша меморандум түріндегі екі құжат бар. Жалпы өңірдегі экологиялық ахуал бойынша 20-дан астам хаттамалық тапсырма дайындалған", – дейді "Өскемен-Тынысы" экологиялық қорғау бюросының жетекшісі Елена Березинская-Абилова. 

Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзінде ауа сапасы жағынан Қазақстан ең лас 40 елдің қатарына кіргені туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 29 Қазан, 2025 10:47
Талқылау