Өскемен экологиялық апат аймағы деп танылмайды – Шығыс Қазақстан облысының әкімі
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Өскемен аумағы мен аудандарында атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары болғанымен, экологиялық апат аймағы деп танылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: hse.ru
Оның айтуынша, қала кәсіпорындарға бақылауды күшейтіп, ауа райының қолайсыз кезеңінде оларды тексеру ережелерін қайта қарастырады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер өңір басшысынан Өскеменді экологиялық апат аймағы деп жариялауды жоспарлап отыр ма, жоқ па, сұрап білді.
Көшербаев әзірге ондай жоспар жоғын, бірақ жылу орталығы газға қосылатынын айтты.
"Ешқандай жоспар жоқ (Өскемен қаласын экологиялық апат аймағы деп жариялау). Қазір бізде жылу да, электр энергиясы да тапшы. Жылу электр орталығы Ұлан ауданында салынады – бұл қаланың шетіндегі аудан. Бұл ретте барлық жағдай ескеріліп, шығарындыларды азайтатын технологиялар қолданылады. Ерте ме, кеш пе, бізге газ келеді. Жылу электр орталығын бірден газға көшіру үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр", – деді Көшербаев.
Көшербаев Өскемен қаласының қоршаған ортаны қорғау бюросын құру экологиялық жағдайды жақсартудың қосымша бағдарламасы екенін айтты. Сондай-ақ бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 14 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді. Әкім бұл жұмыс аясында экология департаментінің кәсіпорындармен жасасқан меморандумдары қайта қаралатынын атап өтті.
"Бірқатар кәсіпорындар меморандумдағы қолайсыз метеорологиялық жағдай болған күндері қызметкерлер кәсіпорын аумағына кіріп, өлшеу жүргізе алады деген тармақтарды алып тастаған. Сондықтан мен барлық кәсіпорын мен аумақтардың айналасына сенсорларды орнатуды жөн көріп отырмыз", – деді әкім.
Сонымен қатар әкім лас ауа мәселесімен жеке сектордағы шығарындыларды азайту арқылы күресетінін айтты. Қалада 28 мыңға жуық жеке үйді пештен орталықтандырылған жылыту жүйесіне көшіру жоспарлануда
"Биыл осы оқиғалардан кейін үйлердің барлығын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуды шештік. Бұған ұзақ уақыт қажет. Дегенмен бастысы жұмысты бастау екенін ұмытпаған жөн. Бұрын ешкім бастаған жоқ, бірақ біреу жүзеге асыруы керек. Біз бұл жұмысқа кірісеміз", – деді Көшербаев.
Оның айтуынша, көліктерден шығатын зиянды заттарды азайту үшін билік электромобильдер үшін инфрақұрылымды дамытуды көздеп отыр. Өскеменде жергілікті Кемонт зауытында шығарылатын зарядтау станцияларын орнату жоспары бар екен.
"Біреулер 120-140 мың көлік ауаның ластануына ықпал етпейді деп отыр. Алайда біз мұны қолдамаймыз. Қазір бүкіл әлем электрлендіруге көшіп жатыр. Қазіргі уақытта зарядтау құрылғыларын шығару игерілетін Кемонт зауытын қайта жандандырып жатқанымызды ескерсек, біз оларға бүкіл қаланы зарядтау станцияларымен жабдықтауды және кейбір көліктерді электр қуатына ауыстыруды ұсынр едік. Бұл да рөл ойнайды", – деді әкім.
Ермек Көшербаев Өскеменде ауаны ластайтындарды атады. Оның пікірінше, бұл тұрғын үйлер, жылу электр станциялары мен автокөліктер.
Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде ауа ластануына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшкені туралы жазған едік.