Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өскемен әкімдігі қала туралы фотоальбом шығаруға 18 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған

Желіде Өскемен қаласы әкімдігі қала туралы фотоальбом шығаруға 18,6 миллион теңге қаржы жұмсады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: freepik

Желіде тараған мәліметке сәйкес, қыркүйек айында әкімдіктің ішкі саясат бөлімі "Сүйікті қалам Өскемен" фотоальбомын шығаруға келісім-шартқа отырған.



“Мәміле сомасы 18,6 миллион теңге. Сатып алу тікелей келісім-шарт жасау арқылы жүзеге асырылды. Альбомдар жыл соңына дейін басып шығарылуы керек. Олар екі түрлі болады: стандартты және "сыйлық қаптамасында". Стандартты альбомдар 950 данамен шығарылады (200-250 бет, қатты ламинатталған мұқаба). "Сыйлық қаптамасындағы" альбомдардың таралымы небәрі 50 дана және күңгірт түкті болады. Барлығы қазақ және орыс тілдерінде жасалуы керек”, – делінген хабарламада. 

Фото: goszakup.gov.kz

Дегенмен, бір қызығы, егер таңдалған жеткізуші шартқа қол қоймаса немесе қол қойғаннан кейін шартты орындаудан бас тартса, тапсырыс беруші оны соттан тыс жосықсыз жеткізушілер тізіміне қосамын деп қорқытқаны айтылған. Алайда "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға сәйкес мұнымен сот немесе мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган айналысады.

Фото: Письма президенту

Аталған мәселеге қатысты Stan.kz тілшісі Өскемен қаласы әкімдігінен жағдайдың мән-жайын сұрап білді. Әкімдіктің мәліметінше, ақпараттық фотоальбом шығару жобасы Қала күніне орай іске асырылған. 

“Фотоальбом Өскеменнің өсу кезеңдерін, тұрғын үй құрылысы, жол инфрақұрылымы, абаттандыру, мәдени және әлеуметтік салаларындағы даму серпінін сипаттайтын, бес жыл ішінде жиналған бірегей авторлық фотоматериалдардан жасалған. Бәсекелестік ортада мұндай жұмысты сатып алу мұрағаттық фото материалдардың бірегей мазмұнына байланысты мүмкін емес. Альбомның жалпы таралымы - 1000 дана (түрлі түсті мұқабада - 950, былғары мұқабада - 50)”, –делінген хабарламада. 

Әкімдік мәліметінше, сатып алынатын объектілерді бәсекелестік ортада фотосурет авторлары көп болғандықтан бір ғана сатып алумен жүзеге асыру мүмкін болмады. 

“Фактчек” және “Письма президенту” Telegram-арналарында шыққан жарияланымдарға қатысты журналистердің 50 дананың таралымын ғана көрсететін скриншотты жариялағанын еске саламыз. Бұл оқырмандарды адастыру мақсатында жасалғаны анық. Жарияланымда көрсетілген келісімшарттың тармағы бойынша бұл қате ретінде кеткен техникалық сипаттаманың типтік нысаны екенін түсіндіреміз”, – делінген әкімдік хабарламасында. 

Айта кетейік, бұған дейін Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар орталық алаңда тұрғындарды қала күнімен құттықтап, ән шырқаған еді. 

Талқылау