Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орталық Азияға әскери операция қажет": Ресейдің сыртқы істер министрлігі Соловьевтің даулы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Фото: tass.ru (Владимир Соловьев)

Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова тележүргізуші Владимир Соловьевтің даулы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мария Захарова тек ресми тұлғалардың мәлімдемелеріне назар аударуға, жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

“Ресми ұстаным тек тиісті өкілеттігі бар ресми тұлғалар арқылы айтылады”, – деді Ресей өкілі. 

Захарова Мәскеудің Орталық Азия елдерімен қатынастарға деген көзқарасы бірнеше рет ең жоғарғы деңгейде айтылғанын атап өтті. 

“Біздің елді Орталық Азия халықтарымен тарихи тұрғыда көршілік, стратегиялық серіктестік, одақтастық, бауырластық достық және ынтымақтастық байланыстары біріктіреді. Қарым-қатынастарымыздың алға қарай дамуының кепілі – достық мемлекеттердің басшылары арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген жақсы жеке байланыстар”, – деді Захарова.

Сонымен қатар ол қорытындыны жеке мәлімдемелерге емес, нақты әрекеттерге қарап жасауға, арандатушылар мен ойдан шығарылған әңгімелерге назар аудармауға шақырды.


"Ресей Қазақстанды, Украинаны, Кавказды беріп қойды": АҚШ-та Буш пен Путиннің әңгімесі жария болды

 

Қырғызстан ресейлік тележүргізуші Соловьевті нон грата персонасы деп тануды ұсынды


Захарова ақпарат алаңында бұдан кейін де осындай арандатушылық әрекеттер жалғаса беретінін атап өтті.

“Өкінішке қарай, олар аз болмайды. Сондықтан шынайы жағдайды көрейік, жалған ақпарат пен фейктерге алданып қалмайық”, – деді Мария Захарова. 

Сондай-ақ ол кейбір басылымдардың Соловьевтің сөздерін Мәскеудің ресми ұстанымы ретінде көрсеткенін де атап өтті.

“Мен бір жазбаны оқыдым, онда бұл сөздер Ресейдің ресми ұстанымы сияқты, айқын провокациялық түрде берілген. Бұл мүлде қабылданбайды”, – деп мәлімдеді Захарова.

Владимир Соловьевтің сөздері туралы БАҚ-тағы талқылаулардан кейін журналистің эфир кестесіндегі өзгерістер де назарға ілікті. Ресейлік БАҚ-тың мәліметінше, бірнеше күннен бері "Вечер с Владимиром Соловьевым" бағдарламасы "Россия 1" телеарнасынан шықпай қалған, оның орнына басқа бағдарлама көрсетілуде.

Еске салсақ, бұған дейін ресейлік тележүргізуші Владимир Соловьёв Мәскеудің “арнайы әскери операцияны” Украинада ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі өзге елдерде де бастауы қажет екенін айтқан мәлімдемесі қызу талқыға түскен еді. 

Дана Русланқызы
Жұма, 16 Қаңтар, 2026 22:56