Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Орман ішімен үш шақырым жаяу жүреміз": Ақтөбе облысында жол мәселесінен шаршаған тұрғындар әкімдікке шағымданды

Ақтөбе қаласының іргесінде тұратын Бауырластар 3 елдімекенінің тұрғындары ауылдарына облыс пен қала әкімін шақырды. Қоғамдық көліктен тарыққан халық қалаға жету үшін үш шақырым жолды орман ішімен жаяу жүретінімізді өз көздерімен көрсе дейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

Ауыл тұрғындары

Елдімекенді аудан орталығынан 15 шақырым жерде орналасқан деп айту қиын. Себебі тұрғындар тас жолға шығу үшін 3 шақырым жерді жаяу еңсеруге мәжбүр. Онда да жол ашық емес, орман ішінен өтеді. Тас жолға жеткен соң, автобусты жарты сағат күтетінін айтады не болмаса тоқтаған көлікке сыйғанынша мініп кетеді.

"Сағат бестен бастап жолға шығамыз. 6-да жұмыста отыратын адамдар бар. Таңғы 5-те тасжолға шығып көріңізші. Өткенде ғана жаңбыр жауды", - дейді жергілікті тұрғын Роза Әлиева. 

Жүзге жуық отбасы тұратын ауылға қоғамдық көлік мүлде кірмейді. Алайда көрші ауылға қатынайды дейді халық. Тұрғындар әкімдіктегілерден көлік мәселесін шешуді бірнеше рет сұраған екен. Тіпті әкімнің қабылдауында да болған. 

"Ауыл мен тасжолдың арасы кем дегенде үш шақырым. 43 автобусқа жаяу барамыз. Ол кейде тоқтайды. Қалаға баратын кезде ғана тоқтап, қаладан ауылға келер кезде мүлде тоқтамайды. Әкімдікке де бардық. Бәріне бардық, кірдік. Нәтиже жоқ", - деді тұрғын Нұргелді Айжарықов.

Әкімдіктегілер ауылдағы мәселеден хабардар екен. Қоғамдық көліктің жүрмеуіне тас жолдың болмауы себеп. Ал жол қашан түсетіні тағы белгісіз.

"Тасжол жоқ болғандықтан,  ішке кіруге мүмкіндік жоқ. Мәселені шешу бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындауға тапсырыс бердік. Дайын болған соң әрі қарай қаржы бөлінгеннен кейін жол салынады", – деп мәлімдеді Ақтөбе қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділбек Танкеев.  

Талқылау