"Ордабасы" футбол клубында алаңға шықпайтын ойыншы 20 миллион теңге жалақы алады
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары “Ордабасы” футбол клубында алаңға шықпай-ақ айына миллиондар алып отырған футболшылар бар екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қазақстан футбол федерациясы
Дау шыққан шымкенттік футбол командасына қатысты сұрақтарға жауап берген ол Асхат Тағыбергеннің 20 миллион теңгеден аз айлыққа көнбегенін де жасырмады. Сөзінше “Ордабасыда” қазір үш футболшының айлығы 60 миллион теңгені құрайды. Олар Сергей Малый, Евгений Макаренко және Асхат Тағыберген. Біреуі 33, екеуі 34 жаста. Ойыншылардың бірі, тіпті, ойында алаңға шықпайтынын да жеткізді. Осыған қарамастан қалалық әкімдік ешқандай шара қолдана алмай отыр. Өйткені клубтың бұрынғы президенті Бауыржан Абдубаитов ойыншыларға ойға келмейтін айлық тағайындап кеткен.
“Қала әкімі батпаққа батқан футбол клубын қабылдадық дегені рас. 2018 жылдан бергі қарызы 2,5 миллиард теңге еді. Оны қала әкімі толық жаптырды. 4 айдан асар-аспас қызмет нәтижесінде Бауыржан Абдубаитов “Ордабасыны” тағы 2 миллиард теңге қарызға батырған. Бірнеше футболшыға артық төленетін келісім-шарт жасасқан. Оны ешкіммен келіспеген. Қазір құзіретті органнан неліктен тек футболшылармен ғана келісіп, шешім шығарғанын сұрап жатырмыз. Бұл келісім-шарт 2025 жылдың соңына дейін бекітілген. Біз оған ешқандай шара қолдана алмаймыз”, – дейді Сәрсен Құранбек.
Әкім орынбасары футболшылармен кездесу өтіп, олардың басым бөлігі айлығын азайтуға келіскенін айтады. Сөйтіп, ойыншылардың жалақысы Абдубаитов қойған гонарардан 40 пайызға азайған. Бірақ бұл өтінішке Тағыберген бастаған үш ойыншы сол күйі келіспепті. Пікірін білу үшін хабарласқанымызда, футболшының өзі жауап беруден бас тартты.
“Олардың ары мен намысына тапсырдық. Бұл қаржы бюджеттен бөлінеді. Оны үнемдеуді көздеген болатынбыз. Енді олардан сол қаржыға лайықты ойын көрсетуді сұраудан басқа амал жоқ”, - дейді Шымкент әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, биыл “Ордабасы” футбол командасына жергілікті бюджеттен 3,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл былтырғы құн салығын қосқандағы соммадан екі есе аз. Ал, клубқа жаңадан қосылған легионерлерге 5,5 миллион теңге тағайындалыпты.
Бұған дейін, Шымкент қаласының әкімі Асхат Тағыбергеннің 20 миллион теңге жалақы алатынын, командадан кетпей отырғанын хабарлаған едік. Ал футболшының жұбайы қала басшысының сынына жауап берген болатын.